Руханият • 11 Желтоқсан, 2019

«Жусан» операциясы жайлы қойылымның премьерасы өтті

693 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры Қазақстанда алғаш рет Президент пәрменімен жүзеге асырылған «Жусан» операциясы жайлы спектаклді көрерменге ұсынды.

«Жусан» операциясы жайлы қойылымның премьерасы өтті

«Семсер» әдеби сыйлығының иегері Марлен Ғилымханның «Жусан» психологиялық драмасында содырлардың сойылын соғып, дүмшелердің соңынан ерген жандардың жанайқайы, жан арпалысы суреттеледі. Шизофрениялық, галлюцинациялық бейнелердің арасында адасқан, сандырақтаудан, жабырқаудан, үрейленуден шаршаған жас жігіттің жай-күйі, бастан кешкен оқиғалары ашық айтылады. Сириядағы соғыс аймағынан Президент пәрменімен жүзеге асырылған «Жусан» гуманитарлық операциясы арқылы елге қайтқандардың тағдыры көрсетілген премьераға келген көрерменнің қарасы көп болды. Тіпті көрермен залынан орын жетпеген біраз жұрт қойылымды тікесінен тік тұрып тамашалады.

- Қойылымның басты кейіпкері – Жәдігер есімді жас жігіт. Ол Сирияға соқыр сеніммен адасып барып, жарақат алып, «Жусан» операциясы арқылы елге оралған. Басына тиген соққы әсерінен өткен өмірін ұмытып қалған Жәдігердің Сириядағы және Отанына оралған кездегі өмірі екі кеңістікте қатар өтіп жатады. Тіпті оны шынайы өмірге қайта оралтушы тергеуші мен психолог та кейіпкерді көршісі мен анасы рөлін қатар алып жүреді. Қойылымда Жәдігер уағызда айтылатын хақ ислам орнаған халифат пен Сириядағы шынайы өмірдің аспан мен жердей екенін өз көзімен көріп, сезінеді. Біз осы қойылым арқылы әрдайым мәселенің екінші қырына назар аударып, көрерменді «айдың арғы бетіне үңілуге» шақырдық, - дейді автор.

Қойылымның режиссері – «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері Самал Әбуов болса, суретшісі - «Өнер саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Мұрат Мәмбетов. Спектакльдің жан толқытар сазды бөлігін дыбыс режиссері Ержан Қажымов қойды. Басты рөлді жас актер Құралбек Қатшаев сомдаса, психолог Ажардың бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әсел Мәмбетова әсерлі жеткізді.

- «Жусан» жас ақын Мәрлен Ғилымханның драматургия жанрындағы тырнақалды туындысы болса да өте сәтті шыққан екен. Тақырыптың күрделі қоғамдық мәселені көтерген өзектілігі айтпаса да белгілі ғой. Автор қойылымында тақырыптың сыртқы қабатын ғана алып қоймаған, ішкі адамдық иірім, психологиялық ахуалға көңіл бөліп, адамды емес, адамның ішкі болмысын сөйлетуге күш салған екен. Автордың көркем мәтінін қоюшы режиссер Самал Әбуов те шеберлікпен алып шыққан. Технология қанша дамығанмен, адамның екіге жарылуын, сана ағымын сахналау оңай шаруа емес. Алайда автор мен қоюшы режиссердың қиялы, декорация мен би композициялары әдемі жымдасып, тұтас композияциялық дүние сахналанды деп ойлаймын. Көп сөзді, ұзақ-сонар дидактика да болған жоқ, тың, психологиялық әсерлі дүние туды, - дейді қойылымды тамашалаған Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті қазақ филологиясы кафедрасының аға оқытушысы, PhD доктор Айдарбек Ақболатов.

Айта кетейік, «Жусан» қойылымының алғашқы күнгі премьерасын Батыс Қазақстан облысындағы мәдениет саласы басшылары тамашалап, облыс әкімі Ғали Есқалиевтің атынан ықылас гүлі тарту етілді.

 

Батыс Қазақстан