«Протон» зымыран тасымалдағышы құлағаннан кейін Қызылорда облысында тұратын мүгедек балалардың жағдайы нашарлап кетті. Осыған орай аталмыш аймақтағы үкіметтік емес ұйым қызметкерлері жергілікті билік өкілдеріне Байқоңыр қаласымен қоса Қызылорда облысының тұрғындарына да өтемақы төленуі тиіс деген талап қойды. Бұл туралы «Жетінші» телеарна хабарлады.
Қоғамдық ұйым өкілдері зымыран ұшыруда гептилді қолдануға мүлде қарсы болып отыр. «Ақбота» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Шолпан Базарбаеваның айтуынша, зымыран құлаған күні бірнеше баланың ыстығы қалыпты жағдайдан ауытқып, жан сақтау бөліміне түскен екен. Сондықтан қоғам мүшелері өтемақы төлеу мәселесін уақыт оздырмай шешу керек дейді. Бұл мәселеден құлағдар болған облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Рзақұл Нұртаев былай дейді: «Халықаралық деңгейде экологиялық паспорт бар екенін бәріміз жақсы білеміз. Біз түбі соны ретке келтіруіміз керек. Шынын айтқанда, бұл сұрақ екі мемлекеттің арасында шешімін табуы қажет».
Әзірге қысқа жауап осы. Ал үкіметтік емес ұйым өкілдері «Протон» құлағаннан кейінгі ақпараттың ашықтығын талап етуде. Өйткені, Байқоңыр қаласына жақын маңайдағы Көмекбаев ауылына 2007 жылы зымыран құлағанда да нақты қорытындының жарияланбағанын айтады. Жұртшылықты алаңдатқан «Протон» апатын бұқаралық ақпарат құралдары да назардан қағыс қалдырып жатқан жоқ. Осыған байланысты «Дала мен қала» газетінде мынадай дәйектеме жазылды: «Кешенді тексерудің нәтижесінде мамандар алты датчиктің үшеуі 180 градусқа төңкеріліп қойылған, осыған орай зымыранды басқару жүйесі өзінің бағыты жайында қате мәліметтер берген. Құрылғыларды дұрыс орнатпаған кінәлілер анықталған көрінеді. Апатқа қатысты тексеру деректерін Ресей тарабы ҚР Бас прокуратурасына жіберген екен. Еске салсақ, ДМ-03 үдеткіш блогы және «Глонасс-М» үш ресейлік навигациялық ғарыш аппараты бар «Протон-М» зымыран-тасығышы 2 шілде күні жергілікті уақыт бойынша сағат 08.38-де «Байқоңыр» ғарыш айлағының №81 алаңынан ұшырылымы жоспарланған болатын. «Протон-М» зымыран-тасығышы ұшырылымның 10 секундында жерге құлап, жарылды. Апат ұшыру алаңынан 2-3 шақырым жерде орын алды.
Зымырандағы жүздеген тонна улы отын жерге төгілгені белгілі. Бір қызығы, қос мемлекет тарапынан құрылған комиссияның шешімдері екі түрлі. Ресейліктер «Протон» құлаған жерде улы гептил қалыпты, мөлшерден 8 мың есе асып кетті десе, біздің шенділер оны жоққа шығарумен әлек. Апат орнында детоксикация жұмыстарын жүргізіп, 300 тонна зымыран мен басқа да қалдықтарды жинаған «Қазғарыш» мамандары ақыры гептилдің зияндылығын анықтай алмай қайтты. Ал бұл улы отынның адам ағзасы мен қоршаған ортаға кері әсері 50 жылға дейін сақталатыны белгілі».
Әмірхан Алмағанбетов,
«Егемен Қазақстан».