Саясат • 12 Желтоқсан, 2019

Елордада Сирияның болашағы талқыланды

214 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Елордада Сирияның болашағы талқыланды

Астана процесі аясындағы екі күнге созылған келіссөздер негізінен жабық есік жағдайында өтті. Түйіні тарқамаған түйткіл­дерді талқылаған тараптар екінші күні ғана бұқаралық ақпарат құрал­дарына арнап қорытын­ды жиын жасады. Іс-шарада сөз сөй­леген Қазақстан Сыртқы істер ми­нис­трінің бірінші орынбасары Шах­рат Нұрышев Астана проце­сінің кезекті раунды жемісті аяқ­талғанына тоқталды.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үздіксіз қол­дауы­мен жүзеге асырылып келе жат­қан Сирия бойынша Аста­на процесінің кезекті 14-раун­ды аяқ­талды. Соңғы екі күн ішін­де келіссөзге қатысушылар Сирия­дағы жағдайды одан әрі тұрақтан­дыруға және ондағы гумани­тарлық жағдайды жақсартуға бағытталған аса маңызды әрі мазмұнды келіссөздер өткізді», деді Ш.Нұрышев.

Келіссөздердің кезекті раундын­ қорытындылаған вице-министр Астана процесі маңызын тағы бір мәрте дәлелдеп, көп­те­ген өзекті мәсе­леде нақты нәти­же­лерге қол жеткенін атап өтті. «Бүгінгі келіссөздердің бар­лық тараптары осы нәтижеге үлес қосты», деді Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары.

Бұдан кейін Ш.Нұрышев ке­піл­гер елдер – Иран, Ресей, Түр­кияның бірлескен мәлімдемесімен таныстырды.

«Иран, Ресей және Түркия Ас­тана процесінің кепілгер-мем­лекеттері ретінде Сирия Араб Рес­пуб­ликасының егемендігін, тә­уелсіз­дігін және аумақтық тұ­тасты­ғын, сонымен қатар БҰҰ мақ­сат­­тары мен ұстанымдарын бұл­жы­­мас­тан мойындайтынын қуат­тады. Бұл ұстанымдар сақ­талуы және құрметтелуі тиістігін атап өтті», делінген мәлімдемеде.

Сонымен қатар кепілгер-мем­лекеттер терроризммен күрес­ті желеу етіп, заңсыз дербес бас­қаруға, Сирия жерінде жаңа реа­лия құруға жол бермеу қажет­тігіне тоқталды. Осылайша, Си­рияның егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған, көр­­ші елдердің қауіпсіздігіне қатер төндіретін сепаратистік жос­парларға қарсы тұруда табан­дылық танытатынын білдірді.

Кепілгер елдер мұнайдың және оны сатудан түскен кірістің Сирия үкіметіне тиесілі екеніне де баса назар аударған. Мәлімдемеде Израиль тарапынан қарулы шабуылдың жалғасып отырғанын айыптап, мұндай әрекеттің халықаралық және халықаралық гуманитарлық құқыққа қайшы келетіні, Сирия мен көршілес елдердің егемендігіне нұқсан келтіріп, өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікке қатер төндіретіні айтылған.

«Сирияның солтүстік-шығы­сындағы ахуалды талқылап, бұл аймақта ұзақмерзімді тұрақтылық пен қауіпсіздікке қол жеткізу елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау негізінде ғана мүмкін екеніне келісті. Осыған орай 2019 жылғы 22 қаңтарда САР-дың солтүстік-шы­­ғы­сын тұрақтандыру бойынша меморандумға қол қойылуына қол­дау білдіріп, 1998 жылғы Адан келісі­мінің маңыздылығын растады», деді кепілгер елдердің мәлімдемесін оқып берген Ш.Нұ­рышев.

Сондай-ақ жиын барысында Ас­тана процесінің келесі раунды қашан өтетіні де сөз болды. Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ш.Нұрышевтың айтуынша, келесі келіс­сөздер 2020 жылғы наурызға жос­пар­ланған.

«Кепілгер-мемлекеттер Сирия бойынша Астана проце­сінің 14 халықаралық кездесуін Нұр-Сұлтанда өткізгені үшін Қа­зақ­стан билігіне шынайы риза­шы­лығын білдірді. Астана фор­матындағы Сирия бойынша келесі халықаралық кездесуді 2020 жылғы наурызда Нұр-Сұлтанда өткізу туралы шешім қабылдады», деді кепілгер-мемлекеттердің мәлімдемесін оқыған вице-министр.

Сондай-ақ бірлескен мәлім­демеде Астана форматындағы бейінді жұмыс тобының аясында зорлықпен ұсталған тұлғаларды, кепілге алынған адамдарды босату операцияларын жалғастыру қажеттігі айтылған. Сирияның бүкіл аумағында барлық сири­я­лықтарға гуманитарлық жәрдемді арттыруға да ерекше назар аударылған.

Атап айтқанда, Сириядағы гу­манитарлық ахуалды жақсар­туға қолдау көрсету мақсатында халық­аралық қоғамдастық, БҰҰ және оның гуманитарлық агенттіктерді сирия­лықтарға көмекті ұлғайтуға шақырды.