Аймақтар • 12 Желтоқсан, 2019

Алматы облысында тұрғыны аз ауылдың ауруханасы оңтайланбақ

461 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сарқан ауданының Лепсі ауылындағы аурухана жаңа жылдан бастап жұмыс жүктемесін азайтады. Енді ауыл тұрғындары үшін дәрігерлік амбулатория ғана қызмет көрсетпекші.

Алматы облысында тұрғыны аз ауылдың ауруханасы оңтайланбақ

Елімізде тұрғын саны аз ауылдық өңірлердегі медицина нысандарын оңтайландыру басталды. Денсаулық сақтау министрінің 236-бұйрығы бойынша, адам саны 5000 тұрғыннан кем ауылдың барлығында қысқарту жүргізілуде. Ал Лепсі ауылының халқы қазір бұл межеге де жетпейді екен.

-Тұрғындарға бұл оңтайландырудың жайы түсініксіз болып отыр. Ауылдағы аурухана қысқарса, науқастарға алғашқы жедел көмектен басқа қызмет алу үшін 220 шақырым жердегі аудан орталығына немесе 180 шақырым қашықтықтағы Талдықорған қаласына баруына тура келеді. Әсіресе, ауырған бала мен жүкті әйелдерге қиын тиетіні өкінішті. Бірақ, амал нешік, ауылда адам саны аз. Бәрі қалаға нәпақа іздеп көшіп жатыр. Мұнда теміржол мен Балқаш көлінен балық аулаудан басқа күнкөріс көзі жоқ. Лепсідегі халықты ұстап тұрған депо жабылғалы халық босып кетті. Ауылдағы полиция бөлімі де қысқарып, учаскелік пунктке айналды. Банктер банкоматын жапты. Зейнеткерлер ай сайынғы зейнетақысын алу үшін қалаға такси арқылы картасын беріп жіберіп жатыр, дейді ауыл белсендісі Руслан Сәттібеков.

Айтпақшы, осы Сарқан ауданында жыл соңына дейін жаңа аурухана пайдалануға берілмекші.  Құны 2 млрд 400 мың теңге тұратын жоба бұған дейін «сақалды құрылыстың» қатарында тұрған 2500 шаршы метр ғимаратқа жан бітірді. Енді мұнда күніне 100 адамға қызмет көрсететін, 105 орындық ауданаралық аурухана жұмысын бастайды.