Жобаның негізгі мақсаты – жаңа заман әдебиетіне көпшіліктің қызығушылығын арттыру әрі жастардың шығармашылығының шыңдалуына жол ашу.
Байқауға жас ақын-жазушылар тарапынан қызығушылықтың артып келе жатқанын жыл сайын талапкерлердің көбеюінен де байқауға болатындай. Мысалы, 2015 жылы 120 жұмыс тапсырылса, биыл 170 шығарма ұсынылыпты. Үздік шығармалар «Жылдың үздік прозасы», «Жылдың үздік поэзиясы», «Жылдың үздік драматургиясы», «Жылдың үздік балаларға арналған шығармасы» және Жастар жылына арнайы жүлде – «Ұлы даланың жасампаз ұрпағы» аталымдары бойынша анықталған.
Марапаттау рәсімінде сөз алған Тұңғыш Президент –Елбасы Қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев қазылар алқасының құрамында елімізге белгілі мәдени қайраткерлері, жазушылар мен журналистер болғанын, олар шығармаларды бағалау барысында бірнеше критерийге сүйенгенін айтып өтті. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында руханиятқа көп көңіл бөлді. Бүгінде елімізде дарынды жастарға қолдау мықты. Елбасы Қоры қашанда шығармашыл жастарға қолдау білдіріп, түрлі байқаулар өткізуде. Алдағы уақытта да бұл жұмысты жалғастырады. Қазақ көркем сөз өнерінің шеберлері көбейе берсін» деді Ә.Исекешев.
Сонымен үздік шығармалардың авторларын Ә.Исекешев бастап, Парламент депутаттары, қоғам, мәдениет және өнер қайраткерлері марапаттады.
«Алтын тобылғы» байқауының қорытындысы бойынша «Жылдың үздік прозасы» аталымында Досхан Жылқыбай, Қанат Әбілқайыр қатарлы жас жазушылар топ жарды. «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы» бойынша Мирас Асан, Асылан Тілегенов және Марат Сейілхановтар жүлдеге ие болды. Жоғарыда аты аталған жеңімпаздардың әрқайсысы 1 миллион теңгенің сертификаттарын алды. Жүлде қоры 2 миллион теңгелік «Жылдың үздік поэзиясы» және «Жылдың үздік драмасы» аталымдарының сертификаттарын Бекзат Смадияров пен Аршын Нұрбақыт иеленді. Ал Жастар жылына арнайы тағайындалған «Ұлы даланың жасампаз ұрпағы» аталымының бәйгесін Нұртас Тұрғанбек жеңіп алды. Оған 3 миллион теңгенің сертификаты тапсырылды.