Руханият • 13 Желтоқсан, 2019

Қисамединовтің қолтаңбасы алматылықтар назарына ұсынылды

726 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы таңғажайып өнер туындылары мен тарихи таланттарды тоғыстырған шаһар. Елдің рухани әлеуетін айшықтауда мегаполистегі мәдениет ошақтарында сақталған айрықша өнер туындыларының орны зор. Солардың қатарында айтулы сурет шебері Мақым Қисамединовтің Ә. Қастеев атындағы өнер музейінде сақталған шығармаларын  да  ерекше атауға болады.

Қисамединовтің қолтаңбасы алматылықтар назарына ұсынылды

Мақым Қисамединовтың шығармашылық мұрасы Қазақстан бейнелеу өнері тарихында елеулі орын алады. Ол жиырмасыншы ғасырдың 1960-70-ші жылдарында белсенді жұмыс жасаған С. Айтбаев, Ш. Сариев, Т. Тоғысбаев, Б. Табиев, Ә. Сыдыханов, И. Исабаев, Е. Мергенов сынды «алпысыншы жылғылар» буынының өкілі. Суретші қысқа ғана жиырма жылдық шығармашылық ғұмырында артына өзінің құнды графикалық парақтарын қалдырып кетті. Бір ғана Махамбет батырдың бейнесі немесе өзге көптеген туындылары арқылы Мақым Қисамединов – қазақ бейнелеу өнерінде танылып, мадақталған ірі тұлға ретінде үлкен санатқа енген суретші болып өнер сүйер қауым мен ұрпақ жадында мәңгі сақталады.

Мақым Қисамединов 1939 жылы Волгоград облысы Воскресенск ауылында дүниеге келген. 1967 жылы В.И. Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркемсурет институтын Б. Дехтяревтің шеберханасында тәмамдады. 1962 жылдан көрмелерге қатысушы және КСРО Суретшілер одағының мүшесі. Оқуын аяқтап, елге оралған суретші республикамыздың шығармашылық өміріне белсене араласады.

– М. Қисамединовтың шығармашылығы қондырғылы және қолданбалы графиканың түрлі тәселдерінде шебер жұмыс істеуімен және ерекше шешімдерімен таңқалдырады. Суретшінің алғашқы туындыларының бірі – линогравюра әдісінде орындалған «Тағы да күн шығады» (1968) туындысы. Төрт парақтан тұратын графикада адам өмірмен қоршаған ортаның тығыз байланысын, табиғаттың сұлулығын, түр-түсін ақ пен қара – екі түс арқылы ашып көрсетеді. Шығыстан шуағын шашып күн көтерілгенде адамдар күнделікті тіршілігін бастайды. Бірі төрт-түлік малды өріске айдап, екіншісі таңмен таласа су тасып, үй шаруасына кіріседі. Суретші әр топтамадағы кейіпкерлерін осы кеңістіктегі басқа дүниелермен салыстырғанда анағұрлым ауқымды, қонымды ірі етіп көрсеткен. «Бір өмірдің бейнелері» (1974) топтамасы Мақым шығармашылығындағы ерекше туындының бірі, туған-туыстарының портреттері: «Ана портреті», «Ләйлә» және «Махмұт». Үш туынды да Сенеждегі тамаша графика шеберханасы бар Суретшілер одағының шығармашылық базасында автолитография тәсілінде орындалған. Әр бөлікте суретші тастың қаттылығына қарамастан кейіпкерлерінің мінез-құлқын, көңіл-күйін шебер оя білген. 1973 жылы орындалған«Махамбет» (1973) топтамасы – суретшінің графикалық шығармаларының ең шоқтығы биігі. «Ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай, ерлердің ісі бітер ме?» – деп жырлаған ақын, батыр Махамбеттің шынайы портретін жасауда суретші үлкен жетістікке қол жеткізіп, батыр бейнесін ұтымды кескіндеген. Ал, немістің ұлы ақыны И.В. Гете (1749-1832) шығармашылығының ең биік шыңы «Фауст» (1980) атты философиялық драмасына арналған жеке дара шығарма. Кітабын безендіруге арналған аталмыш еңбегінде Гетені бейнелеуден бастап, кейінгі бөліктерде оқиға желісі бойынша әр образды өзіндік ерекшеліктерімен сомдаған, – дейді өнертанушы Самал Мамытова.

 

АЛМАТЫ