Спорт • 13 Желтоқсан, 2019

Алматының каратэшілері қарсылас шыдатпады

180 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде каратэден Алматы қаласы құрама командасының даңқы дүркіреп тұр. Жуырда ғана олардың Конфедерация кубогы жолындағы жарыста бас жүлдені олжалауы осы сөзіміздің айқын дәлелді. 

Алматының каратэшілері қарсылас шыдатпады

Айтулы доданың іріктеу сыны Ақтөбе қаласында өтті. Сол сынақтан сүрінбей өткен алматалықтар мықтылармен күш сынасу құрметіне ие болды. Осылайша, төрт үздік команда Алатау баурайындағы әсем шаһарда бас қосты. Балуан Шолақ атындағы Мәдениет және спорт сарайында ұйымдастырылған жарыстың жартылай финалында Шымкент қаласынан басым түскен олар ақтық айқаста Маңғыстау облысына сан соқтырды. Екі ретінде де 3:2 есебі тіркелді.

Сөз орайы келгенде, Конфедерация кубогының жеңімпазы атанған  команданың сапында Аружан Мұхтар (55 кило), Аружан Баргош (61 кило), Александра Будкина (+61 кило), Дидар Әмірәлі (67 кило), Батырхан Қошанов (75 кило) және Дәулет Дәулетхан (+75 кило) сынды жекпе-жек шеберлері өнер көрсеткенін айта кеткен абзал.

Айтулы команданың аға жаттықтырушысы Асқар Молдағалидің айтуынша, Алматы қаласында спорттың осы түрі бойынша жеңіспен өрілген бай дәстүр бар. Ұзақ жылдар бойы жерлестеріміз көптеген байрақты бәсекелерде толағай табыстарға қол жеткізіп жүр. Бүгінгі таңда да сол дәстүр жалғасын табуда. Алматылақтардың Конфедерация кубогында топ жаруы осының айқын дәлелі. Және де қала әкімдігі мен спорт басқармасының каратэге деген ықыласы ерекше екенін де атап өткен жөн. Олар үнемі жекпе-жек шеберлеріне қолдау көрсетуде.

Иә, Алматыда «Рухани жаңғыру», «Спорттық Алматы», «Спорт менің ауламда» және тағы басқа бағдарламалар мен жобалардың жүзеге асып жатқанын осыдан-ақ анық байқауға болады.

 

 

АЛМАТЫ