Спорт • 13 Желтоқсан, 2019

Конфедерация кубогында Алматы қаласы алдына жан салмады

159 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жеті спорт түрін қамтыған Конфедерация кубогы – республикамыздағы ең ірі жарыстардың бірі әрі бірегейі. Жүлде қоры 165 миллион теңгені құрайтын осы додада даралануды әрбір команда армандайды.

Конфедерация кубогында Алматы қаласы алдына жан салмады

Әуелде республикамыздың бірқатар аймақтарында Конфедерация кубогының іріктеу сайыстары өтті. Оған 14 облыс пен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары қатысты. Олардың барлығы жеке-жеке команда жасақтап, жарыс жолында жеңіске жету үшін барын салды. Араларынан үздік шыққандары Алатау баурайында бас қосып, айтулы жарыстың бас жүлдесі үшін таласты.

Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясы ұйымдастырған дүбірлі доданың шешуші сайыстары таяуда Алматыдағы Балуан Шолак атындағы Мәдениет және спорт сарайында өтті. Сол жарыста Алматы қаласының спортшылары тамаша өнер көрсетті. Олар екі алтын, бір күміс және екі қола медальді иеленді. Жүлделер сапасы және саны жағынан бұл Конфедерация кубогына қатысушылар арасындағы ең үздік көрсеткіш. Бәрекелді, Алматы! 

спорт

Тарқатып айтсақ, Алматы қаласының құрама командасы таэквондошылар мен каратэшілер сайысында қарсылас шақ келтірмей, бірінші орынды олжалады. Қазақ күресінен өткен жарыстың финалында ғана ұтылып, екінші сатыға табан тіреді. Ал еркін күрес пен грек-рим күресі шеберлері үшінші орынды иеленді.

­Биылғы жылы Конфедерация кубогы жолындағы жарыста Алматы қаласы өте тамаша өнер көрсетті. Біз спорттың бес түрінен де жүлде алдық. Әрине, бұны кездейсоқтық деп бағалауға болмайды. Себебі, Алатау баурайындағы әсем шаһарда осы саланы дамытып, одан әрі өркендету үшін көптеген игі шаралар жүзеге асырылуда. Біраз жылдан бері Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, өзіміздің «Спорттық Алматы», «Спорт менің ауламда» және тағы басқа жобалар бойынша жұмыстар нәтижелі жүргізілуде. Осы орайда, спортшылар қауымына барынша қолдау көрсетіп отырған Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа зор ризашылығымызды білдіреміз, ­- дейді қалалық Спорт басқармасының бастығы Рүстем Байсейітов.