Руханият • 13 Желтоқсан, 2019

Алматыда Серке Қожамқұлов туралы деректі фильмнің тұсауы кесілді

741 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыдағы Ұлттық кітапхана қабырғасында режиссер Алексей Каменскийдің «Сералы Қожамқұлов» атты деректі фильмінің тұсаукесер көрсетілімі болып өтті. Жас ұрпақтың рухани жаңғыруына  жол ашатын айтулы жобаны ұлт қайраткерінің рухына көрсетілген құрмет деп атауға болатындай.

Алматыда Серке Қожамқұлов туралы деректі фильмнің тұсауы кесілді

Деректі фильм XX ғасырдың басында елімізде тұңғыш Ұлтық театрдың негізін салушылардың бірі Серке Қожамқұловтың өмірі мен шығармашылығы туралы баяндайды. Табиғи талантымен сахна өнерін меңгерген өнер иесі қазақ киносының актерлік мектебін де қалыптастыруға тікелей араласқан.

«Қазақ Ренессансы» циклы бойынша түсірілген кинотуындыны ҚР мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген.

– Бүгінгі кешке қатысып отырғаныма өте қуаныштымын. Ұлтымыздың біртуар актері, қайталанбас тұлғасы Серағамыздың артынан қалған қыздары бүгінде еліміздің мәдениетіне елеулі үлес қосып жүрген асыл жандар. Биыл ағамыздың бұл дүниеден өткеніне 40 жыл болыпты. Сералы ағамыздың жарқын бейнесі мен ұлт өнеріне сіңірген еңбегі халық жадында мәңгі сақталатынына сенімдімін, –  дейді «Қазақфильм» киностудиясының президенті Арман Әсенов.

Ал Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы Ермек Тұрсынов:

«Серке Кожамқұлов – ұлттық кәсіби театр және кино өнерінің негізін қалаған хас шеберлердің бірі. Ашаршылық пен соғысты өз көзімен көрген дарын иесі ешбір қиындықтарға қарамастан өмірінің соңына дейін өнерге адал қызмет етті», деп Қожамқұловтың ұлт өнеріндегі ұланғайыр орны туралы тебіре айтты.

Фильмнің тұсаукесеріне Серке Қожамқұловтың қыздары – Рената, Балым, Мәриам және Салиха Қожамқұловалар қатысып, әкелері туралы естеліктерімен бөлісті.