Руханият • 14 Желтоқсан, 2019

Алматыда «Тағылым мен тағзым» тақырыбында әсерлі кездесулер легі өтті

408 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биылғы желтоқсан  айында Алматыда Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына үлес қосқан қоғам қайраткерлерімен және зиялы қауым өкілдерімен, 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасына» қатысушыларымен «Тағылым мен тағзым» атты тақырыптық-танымдық кездесулер легі өткізілді. 

Алматыда «Тағылым мен тағзым» тақырыбында әсерлі кездесулер легі өтті

Кездесу шаралары 15-ке жуық оқу орнында, Алматы мемлекеттік жаңа технологиялар колледжі, Халықаралық бизнес және коммуникация колледжінде, Алматы полигафия колледжінде, Алматы мемлекеттік сервистік қызмет көрсету колледжінде, №2 Педагогикалық колледжінде, Алматы құрылыс және менеджмент колледждері сынды көптеген білім мекемелерінде өтті.

Кездесулерде Желтоқсан қатысушылары әрқайсысы өздерінің басынан өткізген қасіреттерін, қатысушы студенттердің жасындай болған шақтарында ата-аналарын, балаларын ойламай, Тәуелсіздік жолында өздерін аямай, болашаққа қадам жасағандықтарын көздеріне жас ала отырып, ешқайда жазылмаған, еш жерде айтылмаған шындықтарымен бөлісті.

«...Иә, желтоқсан басылғанан кейін үйге барғанымда көрші-қолаң Алматыда  не  болғанын  сұрай бастады. Кешке  әкем марқұм  жұмыстан келіп маған: «Балам аузыңа  ие  бол! Бұл  өкіметтің құрығы ұзын. Егер сені ұстайтын болса мына үй-ішіңді Жезқазғанның бетпағына ма, Қызылорданың құмына ма көшіріп тастайды. Содан кейін бір-бірімізді таппай жүреміз», – деп айтқаны мәңгілік  есімде қалды. Желтоқсанда, таң азанда алаңға  барған үш  жігіт  едік. Бұл  күнде қарасам  сол  жерге  тақта тас  орнатылыпты.  Сол  кезде екі  тілде жазған ұранымыз «Әр  халыққа – өз  көсемі» сөзі ескерткіш тасқа  ойылып  жазылыпты. Мені  алаңға алып шыққан аталарымның рухы», - дейді желтоқсаншы Ерлік Омаров.

жд

Әрбір кездесу барысында оқу мекемелерінің жас өнерпаздары тарапынан тақырыпқа сай монолог оқылды және белгілі ақындардың өлеңдерінен үзінділер келтіріліп, қойылымдар көрсетілді, жүрек тебірентер күй ойнатылып, әндер де шырқалды. Студенттер ғана емес Желтоқсан қатысушылары да өздерінің жүрекжарды өлеңдерін оқып, домбырамен күй шертіп, хор болып ән де айтты.

Түрлі сарындағы кездесулер студенттердің қызығушылықтарын оятып, көкейлерінде жүрген сұрақтарын да қойып, жауаптар алып отырды. Тіптен студенттердің бірі былай деп пікір білдірді: «Біздің кітаптан оқығанымыз, газет-журнал, ғаламтордағы мәліметтер, ұстаздардың айтқандары бәрі-бәрі мына айтылған шындықтардың қасында 1 пайызға да жетпейді екен  ғой!..».

Желтоқсан оқиғасын көзбен көргендермен кездесіп, бастарынан өткен ауыртпашылықтарын естіген студенттер мен қонақтардың әсер-пікірлері бойынша бұл кездесулердің босқа өтпегеніне риза.

Аталмыш шара Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының тапсырысы бойынша халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қоры жүзеге асыратын «Патриоттық рух – басты құндылық» жобасының іс-шаралар жоспары аясында жүргізіліп отыр.

лд

 

АЛМАТЫ