Қоғам • 14 Желтоқсан, 2019

Түркістан: Полиция басқармасының бастығы «әжетхана күзетпеген» ұстаздан кешірім сұрады

483 рет көрсетілді

Түркістандағы Мағжан Жұмабаев атындағы№15 мектептің мұғалімін «әжетхана күзетпегені үшін» ұстап әкеткен қалалық Полиция басқармасының бастығы Данияр Мейірхан ұстаздан кешірім сұрады. Бұл туралы қала әкімі Рашид Аюпов өзінің Facebook парақшасында жазды. 

«Түркістандағы №15 мектепте орын алған жағдай баршамызды алаңдатты. Бұл жағдайды өз бақылауыма алып, мән-жайын анықтадық. Келеңсіз жағдайлар орын алып жатады. Бірақ, ұстаздың орны бөлек, әрдайым беделі биік. Балаларға білім беретін жандар қашан да біздің қолдауымыз бен қамқорымызға жүгіне алатынына сенімді болуы тиіс. Қалалық ішкі істер бөлімінің бастығымен бірге ұстаз алдына бардық. Ұстаз үйінде полиция басшысы кешірім сұрады, ұстаз кешірімін берді. Мұндай жағдайлар қайталанбас үшін барлық шаралар жасалатынын хабарлаймыз» деп жазды әкім. 

Оқиға қалай өрбіген еді? 31 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз Бақыт Кеукеновті қалалық Полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Данияр Мейірхан бастаған бір топ полицей ұстап әкеткен еді. Мектеп директоры К. Әбдіқадырованың жазуынша, мұғалім аяқ киімінен су өткен соң, соны ауыстыру үшін мектеп ғимаратына кірген. Алайда полицейлер қарсылық көрсеткеніне қарамастан ұстаздың қолын қайырып, бөлімшеге алып кеткен көрінеді. Бұл жағдайды сол жерден өтіп бара жатқан ұстаздар мен оқушылар көрген. Полиция болған оқиға бойынша арнайы хаттама толтырып, айыппұл рәсімдеп, төлеткен. Кейін бұл жағдайды естіген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімге араша түсті.

«Түркістан қаласындағы №15 мектептің мұғаліміне қатысты болған оқиғаға ұқсас жағдайға мүлдем жол берілмеуі тиіс. Білім және ғылым министрлігі тарапынан бұл мұғалімді қорғау бойынша барлық қажетті шаралар қабылданатын болады. Сондай-ақ, аталған оқиғаға қатысы бар адамдарды жауапкершілікке тартуды талап ететін боламыз. Оның ішінде, мектеп әкімшілігі мен білім бөліміне де қатысты. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету - ыңғайлы және қауіпсіз жағдай жасау арқылы жүзеге асырылуы тиіс деп санаймын. Егер осындай фактілер қайталанатын болса, қатаң шаралар қолданылады. Орын алған жағдайдың себептерін жан-жақты түсіну үшін мұғаліммен телефон арқылы сөйлестім. Жағдай менің жеке бақылауымда», - деп жазды министр.  

а

 

Соңғы жаңалықтар

Абайды танытқан абыз тұлға

Қазақстан • Бүгін, 12:47

Ел жүрегі – елорда

Аймақтар • Бүгін, 11:53

Ұқсас жаңалықтар