Қоғам • 15 Желтоқсан, 2019

Алматы облысының екі ауылында медицина нысаны ашылды

239 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алғашқы медициналық көмек көрсететін дәрігерлік амбулаторияның бірі Жамбыл ауданының Тарғап ауылында ашылса, екі қабатты тағы бір зәулім ғимарат Іле ауданының М.Түймебаев ауылында пайдалануға берілді.

Алматы облысының екі ауылында медицина нысаны ашылды

Тарғап ауылында 1300 адам тұрады. Жаңадан ашылған дәрігерлік амбулатория енді тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп, басы ауырып, балтыры сыздағандарға айқара есік ашатын болады. Әсіресе, ана мен бала денсаулығын сақтауға жақыннан ашылған нысан өте қолайлы. Осы Тарғап ауылында 14 жасқа дейінгі 316 бала бар екен.

Жаңа дәрігерлік амбулаторияны салуға облыстық бюджеттен 244 млн 877 мың теңге қаржы бөлінген. Бір мезетте 25 адамға қызмет көрсетеді.

Ал Іле ауданының М.Түймебаев ауылында ашылған медицина нысаны күніне 100 науқасқа дәрігерлік қызмет көрсетеді. Алматы қаласына жақын орналасқан ауылда тұрғын саны көп. Есепте 12 581 адам тұр. Жаңа ғимаратта ультра дыбыстық зертету қондырғылары, рентген аппараты, зертхана, балалар дәрігері, әйелдер кеңесі сияқты арнайы жабдықталған бөлмелер бар.

Бұл нысанды салуға 276410735 теңге бюджет қаржысы жұмсалған.

 

Алматы облысы