Қазақстан • 15 Желтоқсан, 2019

Алматыда белгілі геолог Дубек Дүйсенбеков тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

756 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлы геолог, іздестіруші, Қазақстан геология ғылымының ардагері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Ақбақай» және басқа да үлгідегі алтын кен орындарын ашқан Дубек Дүйсенбековтің есімін мәңгі есте қалдыру үшін ол тұрған үйге мемориалды ескерткіш тақта орнатылды.

Алматыда белгілі геолог Дубек Дүйсенбеков тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

Дубек Дүйсенбеков – ұлы геолог. Бетпақдаланы бағындырып, жылына бір тонна таза алтын өндіретін  атақты «Ақбақай» кен орнын алғаш ашқан, астында кемі бес ғасырға жететін алтын жатқанын дәлелдеп берген және отандық экономикамыздың әлеуетін арттыратын бұдан өзге жүзден астам алтын кен орнын тауып берген адам.

Ол барлық геологиялық ғажайып жаңалығын осы үйде тұрған кезінде ашқан. Ол кісі көзі тірісінде айтып кеткеніндей, Қазақстан ғылымы мен өндірісі әлі тек жер бетіндегі алтынды ғана игеру үстінде. Ал қасиетті қазақ жерінің ондаған, жүздеген шақырым тереңдігінде миллиондаған тонна алтынның қоры жатыр. 1956 жылғы бірінші елеулі оқиғадан кейін ол геология ғылымы мен республиканың мемлекеттік қазынасын басқа да дәуірлік ашылумен байытты. Оның іздестіруші ретіндегі таланты Шу, Іле үлкен белдеуінде толықтай анықталып, мойындалды.

Алматы қаласы әкімдігінің өкілі Мөлдір Оңдасынова ескерткіш тақтаның ашылу рәсімінде: «Біз бүгін әсем де сұлу Алматымызда тағы бір тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Елімізге еңбегі сіңген, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі геолог Дубек Дүйсенбековке көрсетіліп отырған құрметтің өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі маңызы зор. Ескерткіш тақта Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қолдауымен орнатылып отыр. Бүгінге дейін Алматы қаласында 700-ге жуық осындай ескерткіш тақта орнатылды. Күн сайын осы үйдің жанымен өтетін талай адам бұдан былай Дубек Дүйсенбековтің есімін жаттап, есінде ұстап, оның еңбегін бағалайтын болады. Осы ескерткіш-тақтаның орнатылуына мұрындық болған «Алтын-Алмас» АҚ компаниясының ұжымы мен басшылығына алғыс білдіреміз» деді.

«Алтын алмас» АҚ жедел қызмет көрсету вице-президенті Бағдат Бахрамовтың лебізі тебіреніске толы болды.

«Дубек Дүйсенбеков 1969 жылы қазіргі уақытта бірегей кен орны болып табылатын Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы «Ақбақай» кен орнын ашты. Оның ашылуы Кеңес Одағы аумағында сенсация ретінде бағаланды. Одан кейін 1972 жылы «Бескемпір», 1975 жылы «Кенжем», 1978 жылы «Думаншуақ», 1979 жылы «Япур-ай», 1981 жылы «Ақсақал» кен орындарын ашты. Ол ашқан кен орындарының басым бөлігі «Япур-ай», «Мақпал», «Қаратоғай», «Ләйлім», «Қаракесек», «Ақмаңдайлым», «Қарғаш» және тағы басқа қазақ халқының классикалық әндерінің атымен аталды. Ол ашқан қазба орындарының арқасында «Ақбақай» кен байыту комбинаты салынды. Ал оның қорытындысы құйма түрінде қорытылған таза алтын болып жарыққа жол тартты» деп, Бағдат Амангелдіұлы белгілі геологтың еңбегін ел алдында тағы бір саралап шықты.

Дубек Дүйсенбеков сияқты есімі елге белгілі тұлғаларды мәңгі есте қалдыру – бүгінгі ұрпақтың парызы. Ол алтын кен орындарын ашып, еліміздің қазынасына сарқылмас байлық, ұрпаққа өлшеусіз мұра қалдырды. Ол мұраны болашақтың игілігі үшін жұмсау – бүгінгі ұрпақтың міндеті.

 

АЛМАТЫ