Қоғам • 16 Желтоқсан, 2019

«Бәйтерек» басындағы қауышу

198 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ирактағы террористік әрекетке қатыстылығы үшін жазасын өтеп жатқан аналардың балалары өткен айдың аяғында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен гуманитарлық акция аясында елге қайтарылған еді. Көп өтпей олар туыстарына табысталды.

«Бәйтерек» басындағы қауышу

Бұл балалар – бірі тағдырдың тосынын, тәлкегін құрсақтан «көрген», енді бірі туа сала туған жерінен жырақтаған, кейбірі тіпті түрмеде туып, бәрінен бұ­рын анасынан тірідей айырылған және әкеден хабарсыз қалған балдырғандар. Шешесі сотталғанмен, балалардың еш кінәсі жоқ. Сондықтан олар тәуелсіз еліміздің бейбіт аспанында күн кешу­ге құқылы. Дегенмен әлі оң-солын та­нымаған бала үшін ата-анадан асқан жақын жан жоқ. Әке-шешенің өзіндей болмаса да, орнын толтыратын ата-әжесі, ата-анасының бауырлары балалар­ды бауырына басты. Бірақ балалар бірден бой үйрете қоймады.

Өзіңіз ойлаңызшы, анасынан бір айырылу, тағы танымайтын туысы, өмірінде бір рет болсын көрмеген адам­ға еру титімдей жүрекке ауыр соқ­қы бо­латыны сөзсіз. Мұндай сал­мақты жүк­ті арқалауға «Жусан» операция­сында жұмыс істеген мамандар жұмыл­дырылған. «Балалар алғашында бізге де бірден ашылып кеткен жоқ. Біраз жұмыс жүр­гіздік. 3-4 күннен кейін ғана бізден үрейленбейтін, тартынбайтын болды. Сириядан келген балалардан бұл кішкентайлардың айырмашылығы – ата-анасыз. Бұл – үлкен ауыртпалық. Оған қоса бұл балалар Сириядан келгендердей емес қазақ, орыс тілдерін тү­­сінбейді, арасында әзербайжан, араб, өзбек тілінде сөйлейтіндері бар. Осындай айырмашылықтар күрделі жұ­мысты қажет етті», дейді психолог Айбек Қы­лышбек.

Ирактан оралған балалар «Бәйтерек» монументін көруге құштар болған екен. Еліміздің Сыртқы істер минис­тр­лігі мен Білім және ғылым минис­тр­лігі кішкентайлардың арманына қа­нат бітірді. Ал өмірлік қиын жағ­дай­да қалған балаларды қолдау орта­лығы­ның тәжірибелі мамандары Ирак­тан оралған кішкентайларға жан-жақ­ты психологиялық, медициналық, педа­гогикалық және әлеуметтік көмек көр­­­сеткен. Барлық тиісті ресім жүр­гі­зіл­геннен кейін балалардың бәрі туыс­тарына тапсырылды. Айта кетейік, қа­рашада елге ұшып келген балаларды туысқандары әуежайда күтіп алған болатын.

Бір алаңдататыны, 14 баланың ішін­де 4-еуін туыстары қабылдаудан бас тартқан. «Туыстарына табысталғаннан кейінгі барлық жұмыс жергілікті атқа­рушы органдардың бақылауы бойын­ша, білім беру ұйымдары, арнайы қол­дау орталықтарының көмегімен жүр­­гізіледі. Бүгін байқағаныңыздай, туыс­­тары тұратын облыстардың білім бас­­қармаларынан арнайы мамандар да жұ­мыстың басы-қасында жүр. Ал туыс­­тары қабылдаудан бас тартқан балалар отбасы үлгісіндегі балалар үйінде тәр­биеленеді», деді Білім және ғылым ми­нистрінің кеңесшісі Раиса Шер.