Руханият • 16 Желтоқсан, 2019

Алматылықтар Бибігүл Төлегеноваға құрмет көрсетті

321 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бар қажыр-қайратын ұлт мәдениетіне арнаған тұлғаларға құрмет көрсетіп, олардың есімдерін өскелең ұрпаққа үлгі ету рухани жаңғырудың жарқын үлгісі.  Тәуелсіздік мерекесі аясында Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында Бибігүл Төлегенованың 90 жылдық мерейтойына орай мерекелік концерт ұйымдастырылды. Әсем кеште күміс көмей әншінің құрметіне итальяндық әнші  Джузеппе Вердидің «Травиата» атты әйгілі операсы сахналанды.

Алматылықтар Бибігүл Төлегеноваға құрмет көрсетті

Биыл бұлбұл үні қазақ даласын тегіс тербеген өрелі өнер иесі тоқсан жасқа толған болатын. Операдағы  бас партияны   вокалистер байқауында бас жүлдеге ие болған опера әншісі Альфия Каримова орындады. Айтулы концертке Бибігүл Төлегенованы құттықтауға келген отандық эстрада өкілдері мен халық әртісінің ерекше талантына бас иетін өнер сүйер қауым сарай ішін лық толтырды.  

Есте болса, күні кеше Бибігүл Төлегенова I дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған болатын. Жоғары награданы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен мемлекеттегі және қоғамдық қызметтегі ерен еңбегі үшін, халық әртісіне еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова табыстаған еді. 

«Қазақ елі үшін керемет мереке - Тәуелсіздігімізді алғанымызға 28 жыл толды. Қос мереке -  егемендігіміз бен Бибігүл Ахметқызының 90 жылдық мерейтойы қатар тойланайын деп тұр. Ол да үлкен қуаныш. Ең бастысы, бүкіл жастарымыз егемендігіміздің қадір қасиетін тереңнен ұғынып келеді. Егемендігіміз мәңгілікке айналсын, ел тұғыры биік болсын. Көк байрағымыз желбірей берсін», - дейді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, эстрада және опера әншісі Толқын Забирова.