Руханият • 16 Желтоқсан, 2019

Сирек қорда А.Құнанбаевтың жеке хатшысы Мүрсейіт Бікеұлының қолымен жазылған өлеңдері сақталған

468 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстандағы аса ірі ғылыми кітаптар қоры бар, ғылыми жаратылыстану депозитарийі қызметін атқарып отырған (5,7 млн дана) – «Ғылым ордасының» Орталық ғылыми кітапханасы. http://library.kz деректері бойынша кітапхананың сирек кітаптар қоры - 91 мың дана, қолжазбалар қоры - 22 мың дана, шығыс әдебиеттері  қоры - 9,9 мың  дананы құрайды.

Сирек қорда А.Құнанбаевтың жеке хатшысы Мүрсейіт Бікеұлының қолымен жазылған өлеңдері сақталған

Мұнда революцияға дейінгі өте құнды қазақ әдебиеттері  толық сақталған. Ғылым академиясында қорғалған диссертациялардың толық  қоры да бар. Кітап қоры әр саланы қамтитын 7  бөлімнен тұрады. Шығармалардың жалпы хронологиясы ХІІ, ХVІ-ХХ  ғасырлар. Қолжазбалар тарихи  құжаттар мен қазақ әдебиетінің жәдігерлерлері болып табылады. Орыс тіліндегі сирек кітаптардың біразы қазақ халқының тарихын, археологиясы мен этнографиясын зерттеуші орыс ғалымдарының басылымдарынан тұрады.

Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорына XII, XVIII-XXI ғғ. қолжазба құжаттар;

XVII-XXІ ғғ. сирек ғылыми басылымдар; XIX-ХХ ғғ. қазақ тіліндегі сирек басылымдар; көне славян тіліндегі кітаптар; орыс зерттеушілерінің Қазақстан туралы еңбектері; көркем безендірілуі мен полиграфиялық орындалуы жағынан бірегей кітаптар; XVI-XIX ғғ. шетелдік сирек басылымдар, т.б. бар.

Қолжазбалар қоры – 2151 бума (22 мың данадан астам).

Қордағы сирек кездесетін қолжазбалар – «Хандар шежіресі» (XVIII ғ.), «Пайғамбарлар және қожалар шежіресі» (XIX ғ.), «Абылай ханның Сібір әскери шептерінің қолбасшысы генерал-поручик И.И. Шпрингерге жазған хаты (1765-1767жж.)», М.Ж. Көпеевтің, А.Диваевтың, Жаяу Мұсаның қолжазбалары және А.Құнанбаевтың өзінің жеке хатшысы Мүрсейіт Бікеұлының қолымен жазылған өлеңдері, Еврей халқының діни қолжазбасы «Тора» (XII-XVIII ғғ.),«Шаһнама»-ның алғашқы қазақ тіліндегі аудармасы, Ш.Уәлиханов қолжазбаларының фотокөшірмесі, М. Әуезовтің қолжазбасы және т.б.

Қорда сонымен қатар қазақ халқының тарихын, археологиясын және этнографиясын зерттеген шығыстанушы ғалымдар А. Алекторов, И. Веселовский, В. Радлов, П. Паллас, А. Левшин, Г. Потанин, В. Бартольд т.б. еңбектері, Ш.Уәлихановтың 1904ж. шыққан «Шығармалар жинағы», Ы.Алтынсариннің 1879ж. «Қазақ балаларына орыс тілін үйретудің алғашқы нұсқаулары» және т.б. кітаптары мен 1917 ж. дейінгі орыс тіліндегі сирек журналдар сақталған.

Шет ел тілдеріндегі сирек кітаптар XVI-XX ғғ. басылған латын, неміс, француз, ағылшын, қытай, итальян және т.б. тілдердегі 500 – ден аса кітаптарды қамтиды. Ал шығыс тіліндегі әдебиеттер қоры 10 мың данаға жуық. Шығыс тіліндегі басылымдардың ішінде араб және т.б. тілдердегі 300-ден аса Құрандар мен Тәпсірлер бар. Қазақ тіліндегі сирек кітаптар қоры 1929 жылға дейін араб графикасымен шыққан «Қисса-и Сейфүлмәлік», Сүлеймен Бақырғанның еңбектері, Х.А.Иасауидің «Диуани хикметі», Қ.Халидтің «Тауарих Хамсасы», Ш.Құдайбердиевтің «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» сынды және т.б. құнды еңбектерден тұрады. Қордың тағы бір бөлігін батырлық жырлар мен эпостар құрайды. «Қобыланды», «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» және басқа да қисса-дастандардың бірнеше нұсқалары мен қазақ тіліндегі алғашқы шыққан «Қазақ», «Еңбекші қазақ», «Ақ жол» газеттері, «Айқап», «Абай», «Шора», «Шолпан» журналдары  сақталған.

 

АЛМАТЫ