Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдігіне кандидаттарды тіркеу аяқталғаны туралы Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі хабарлады.
24 шілдеде Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдігіне кандидаттарды ұсыну аяқталды.
Аудандық және қалалық аумақтық сайлау комиссияларының ұсынған деректеріне сәйкес, республика бойынша ұсынылған 7173 үміткерден әкімдікке кандидаттар ретінде 7018 адам тіркелді.
Сайлау науқанына қатысқан кандидаттардың сапалық құрамында түбегейлі өзгерістер болған жоқ.
Ұсыну аяқталғаннан кейін 46 кандидат жеке өтініштері бойынша өз кандидатураларын алып тастады.
Аумақтық сайлау комиссияларының шешімі бойынша 55 кандидатты тіркеуден бас тартылды. Тіркеуден бас тартудың негізгі себебі аталған кандидаттардың 2013 жылғы 24 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Әкімдерді сайлау қағидаларының талаптарына сәйкес келмейтіндігі болып табылды.
Тіркеуден кейін 51 кандидат шығып қалды. Олардың 15-і өз кандидатураларын жеке өтініштері бойынша алып тастады. 36 кандидат аумақтық сайлау комиссияларының шешімі бойынша олардың кіріс және мүлік туралы ұсынған мәліметтерінің сәйкес еместігін салық органдарының анықтауына байланысты алынып тасталды.
Қазіргі уақытта барлық тіркелген кандидаттар сайлау алдындағы үгітке кірісуге құқылы.
Ол таңдаушылармен жиналыстар мен кездесулер өткізу, сондай-ақ баспа және өзге де үгіт материалдарын шығару және тарату арқылы жүзеге асырылады.
Әрбір кандидат өзіне сайлау науқанын және сайлау алдындағы үгітті жүргізуге көмектесетін саны бесеуден аспайтын сенім білдірілген адамдары болуына құқылы.
Мәслихат депутаты, сайлау комиссиясының мүшесі немесе саяси мемлекеттік қызметші болып табылмайтын Қазақстан Республикасының азаматы кандидаттың сенім білдірілген адамы бола алады.
Кандидаттың сенім білдірілген адамдары аудандық (қалалық) сайлау комиссиясында тіркелуі және тиісті құжаттары болуы қажет.
Кандидаттарға бюджеттен бөлінетін қаражаттан басқа, олардың әрқайсысы үгіт науқанын белгіленген тәртіппен құрылған өз сайлау қоры қаражатынан қаржыландыруға құқылы.
Кандидаттың сайлау қорының мөлшері 1 399 500 теңгеден аспауы қажет.
Қағидаларға сәйкес, сайлау алдындағы үгіт жергілікті уақыт бойынша сайлау қарсаңындағы күні нөл сағатта аяқталады.
«Егемен-ақпарат».