Басылым басшылары • 16 Желтоқсан, 2019

Басылым басшылары - Мұхтар ӘУЕЗОВ (11.1921-12-1921)

709 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

М.Әуезов қазiргi Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында өмiрге келген.

Басылым басшылары - Мұхтар ӘУЕЗОВ (11.1921-12-1921)

Әкесi Омархан мен атасы Әуез сауатты кiсiлер болған. Алты жасынан Абайдың өлеңдерiн жаттап өскен. 1908 жылы Семейдегi Камалиддин хазiрет медресесiнде оқып, одан орыс мектебiнiң дайындық курсына ауысады. 1910 жылы бес кластық орыс училищесiне түседi. Осы жерде оқып жүрiп “Дауыл” атты алғашқы шығармасын жазады. 1915  жылы Семей қалалық мұғалiмдер семинариясына қабылданады. Оқып жүргенде Шәкәрiм Құдайбердiұлының “Жолсыз жаза” дастаны негiзiнде “Еңлiк -Кебек” пьесасын жазып, оны 1917 жылы маусым айында Ойқұдық деген жерде тiркестiрiп тiккен киiз үй сахнасына шығарады.

1918 жылы М.Әуезов Семей қаласының өкiлi ретiнде Омбы қаласында өткен жалпы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комит­тiнiң мүшесi болып сайланады. құрылтайда “Алашорда” үкiметi мен Алаш қозғалысының бағытын ұстанған “Жас азамат” атты Бүкiлқазақстандық жастар ұйымы құрылады. Ұйымның белсендi мүшесi бола жүрiп, “Абай” ғылыми-көпшiлiк журналын шығаруға (Ж.Аймауытовпен бiрiгiп) атсалысады.

1919 жылы – Семей губревкомының жанынан ашылған қазақ бөлiмiнiң қызметкерi, 1920 жылдың ақпанынан бөлiм меңгерушiсi. “Қазақ тiлi” газетiнiң ресми шығарушысы болып тағайындалады. 1921 жылы Семей облревкомының төралқа мүшесi, атқару комитетiнiң төрағасы қызметiн атқарады. 1921 жылғы қараша айында қазақ АКСР-i ОАК-нiң төралқа мүшелiгiне сайланып, онда саяси хатшы мiндетiн атқарып, кадр мәселесiмен айналысады. Мұхаңның “Еңбекшi қазақ” газетiне басшылық жасайтын тұсы да осы кезеңмен дәлмедәл келедi. Ұлттық теңсiздiк пен сауатсыздықты, аштықты жою жөнiндегi ашық пiкiрi мен шығармалары үшiн “ұлтшыл, алашордашыл” атанып, саяси сахнадан шеттету басталған тұста Мұхаң бiрыңғай шығармашылық жұмыспен айналысуға көшедi. Ғылыми жұмыстарды да қолға алады.

1930 жылы идеялық көзқарасы үшiн тұтқынға алынады. Тергеу ұзаққа созылып, 1932 жылғы сәуiр айында үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру  туралы үкiм шығарылады. Осы жылғы 10 маусым күнгi “Социалистiк Қазақстан” және “Казахстанская правда” газеттерiнде М.Әуезовтiң “Ашық хаты” жарияланады. Онда Мұхаң өзiнiң қазақ әдебиетiнiң тарихы және Абай туралы зерттеулерiнен, “Қарагөз”, “Еңлiк-Кебек”, “Хан Кене”, “Қилы заман” сияқты шығармаларынан бас тартатынын мәлiмдеуге мәжбүр болды. Сонан кейiн ғана ол түрмеден босатылып, оқытушылық жұмыспен айналысуына рұқсат алды.

М.Әуезов – ұлы жазушы, қоғам қайраткерi, ғұлама ғалым. Мемлекеттiк, Лениндiк сыйлықтардың лауреаты. Бiрнеше ордендердiң иегерi. Ол 1961 жылы 27 маусымда Мәскеу қаласындағы Кремль ауруханасында операция кезiнде қайтыс болды.