Басылым басшылары • 16 Желтоқсан, 2019

Басылым басшылары - Сәкен СЕЙФУЛЛИН (1922-04.1924)

694 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

С.Сейфуллин бұрынғы Ақмола уезiне қарасты Нiлдi болысында (қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының бiрiншi ауылы) өмiрге келген. Әкесi Сейфолланың үй шаруашылығы жүдеу-жадаулы, бiрде аш, бiрде тоқ отыратын халде болған. Сәкен әуелi ауылда Ағаш аяқ атты молдадан хат танып, 1905 жылы Нiлдi (Успенский) мыс қорыту зауытындағы орыс-қазақ мектебiне түседi. Мұнан кейiн Ақмоладағы приходская мектебiнде екi жыл, қалалық училищеде үш жыл оқиды.

Басылым басшылары - Сәкен СЕЙФУЛЛИН  (1922-04.1924)

1913-1916 жылдары Омбы қаласындағы оқытушылар семинариясын бiтiрiп, Ақмола уезiндегi Сiлетi-Бұғылы ауылдық мектебiне мұғалiм болып орналасады. Арада бiр жыл өткен соң Ақмола қаласына келiп, саяси-қоғамдық жұмыстарға белсене  араласады. 1917 жылы қазақ комитетi құрылғанда Сәкен әуелi орынбасар, бiраздан кейiн оның бастығы болып сайланады. “Жас қазақ” ұйымын құрып, “Тiршiлiк” атты газет шығарады.

1917-1918 жылдар Сәкеннiң саяси-қоғамдық iстерге жiгерлi араласуымен бiрге, шығармашылық жұмыстарының да өрлей бастаған тұсы. Ақмола қаласында Кеңес үкiметi уақытша құлаған кезде Сәкен Совдептiң бiр топ басшыларымен бiрге тұтқынға алынып, атаман Анненковтың азап вагонында, Омбының тұтқын лагерiнде болады. 1919 жылы жолдастарының көмегiмен тұтқыннан қашып шығып, ел арасында әртүрлi қызмет атқарады. 1920 жылы қазақ автономиялы республикасын құру туралы тұңғыш құрылтай съезiне дайындық қарсаңында Сәкен қазақ өлкесiн басқаратын ревком құрамына кiргiзiледi. 1920 жылғы 4 қазанда өткен Қазақстанның Советтер съезiнде Сәкен Сейфуллин Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң президиум мүшесi болып сайланады.

1922 жылдың көктемiнде Сәкен қасына бiр топ серiктестерiн алып, Бетпақдала арқылы Түркiстан елiне өтiп, Ташкентке барады. Орынборға қайтып  келiсiмен “Еңбекшi қазақ” газетiнiң редакторлығы мен Оқу халық комиссариатының орынбасарлығына тағайындалады. Сол жылы күзде Қазақстан Халық комиссарлар советiнiң төр­аға­лығына және Бүкiлодақтық атқару комитетiнiң мүшелiгiне сайланады. “Сәкеннiң Орынбор дәуiрiндегi творчестволық өмiрiндегi елеулi жұмысы Совет бағытындағы жас талапты ақын-жазушыларды, журналистердi өзi басқарып отырған “Еңбекшi қазақ” газетiнiң айналасына топтастыра бiлуi, – деп жазады ғалым Есмағамбет Ысмайылов өзiнiң “Революционер ақын” деген еңбегiнде. – Бұл ретте ол жас Сәбит Мұқановтың әрi оқып бiлiм алуына және қаламы төселмеген кездегi алғашқы шығармаларын газет бетiне жариялап, қамқорлық көрсетуi қазақ совет әдебиетiнiң таңы атып келе жатқан дәуiрдегi ең iзгi үлгi дәстүр едi. Сәкеннiң қолдауымен Шолпан Иманбаева, Жақан Сыздықов, Мәжит Дәулетбаев, Сабыр Шарипов, Рахымжан Малабаев, Қайып Айнабеков, Аманғали Сегiзбаев, Таутан Арыстанбеков және басқалары ең алғаш әдеби творчестволық жұмысқа араласады. Бейiмбет Майлин, Кенжеғали Абдуллин, Молдағали Жолдыбаев, Нәзипа Құлжанова сияқты бұрын қаламы төселген жазушы, журналистердi газет жұмысына тартып, революциялық бағыттағы шығармаларын үздiксiз басып, советтiк ақын-жазушылардың тобын көбейтiп, позициясын нығайтуға мүмкiндiк тудырып отырды”.

1925 жылы Сәкен жауапты қызметтерден босанып, бiрыңғай жазу жұмысымен айналыса бастайды. Арагiдiк жоғары оқу орындарында сабақ та бередi. 1930-1937 жылдары Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтта қазақ әдебиетi тарихынан лекция оқиды. әдеби шығармалары орыс тiлiне аударылып, кiтап болып шығып жатады. қазақ әдебиетiн өркендетудегi еңбегi бағаланып, Еңбек қызыл Ту орденiмен марапатталады.

Кезiнде “Қызыл сұңқар” атанып, Кеңес үкiметiн орнатуға белсене атсалысқан Сәкен Сейфуллин де қызыл қуғын-сүргiннен қашып құтыла алмады: ақын жазықсыз тұтқындалып, 1939 жылғы 9 қазанда ату жазасына кесiлдi.