Азия мен Еуропа арасындағы тұрақты өзара байланысты құруға арналған пленарлық сессияда сөйлеген сөзінде Министр М. Тілеуберді Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы айтып өтті. Атап айтқанда, Қазақстан СІМ басшысы Қазақстан тарапы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік саясатының басымдықтарына сәйкес қолға алған күш-жігері туралы айтып берді. Қазіргі уақытта «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы мен «Белдеу және жол» бастамасы аясында инфрақұрылымдық жобалар табысты жүзеге асырылуда.
ЭКСПО-2017 табысты өткізу және халықаралық жасыл технологиялар орталығын және инвестициялық жобаларды іске қосу контексінде «жасыл экономикаға» көшу тақырыбына ерекше назар аударылды. Азия мен Еуропа арасындағы қаржы және технологиялық желілерді дамыту мақсатында «Астана» Халықаралық қаржы орталығы, «Astana Hub» халықаралық IT стартап паркі және Назарбаев Университеті сияқты қазақстандық бастамаларды пайдалануды ұсынды.
СІМК аясында қатысушылар халықаралық саясаттың, соның ішінде ядролық таратпау, киберқауіпсіздік, Сирия мен Ауғанстандағы жағдай және климаттың өзгеруі саласындағы өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.
Кездесу қорытындысы бойынша АСЕМ Төрағасының Мәлімдемесі қабылданды, онда АСЕМ қатысушы елдердің сыртқы істер министрлері Азия мен Еуропа елдері арасындағы өзара байланыс пен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ету ниетін растады. Қатысушылар ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «G-Global» бастамасын Азия мен Еуропа арасындағы өзара байланысты нығайту үшін коммуникациялық платформа ретінде атап өтті.
Министрлер мәлімдемесінде сондай-ақ 2020 жылғы маусымда Нұр-Сұлтанда жаһандық сауда жүйесін нығайту үшін айтарлықтай нәтижелер беретін ДСҰ-ның 12-ші министрлік конференциясын өткізудің маңыздылығын атап өтті.
«Азия-Еуропа» форумы (АСЕМ) 1996 жылғы 1 наурызда Бангкок қаласында (Таиланд) құрылған. Қазіргі уақытта АСЕМ құрамына Азия мен Еуропаның 51 мемлекеті, сондай-ақ ЕО және АСЕАН Хатшылығы кіреді. Негізгі мақсат - Азия мен Еуропа арасындағы диалог пен ынтымақтастықты дамыту. АСЕМ шеңберінде өзара іс-қимыл үш бағыт бойынша жүзеге асырылады: саясат және қауіпсіздік, экономика және қаржы, білім және әлеуметтік-мәдени сала.