Басылым басшылары • 17 Желтоқсан, 2019

Басылым басшылары - Жүсiпбек АРЫСТАНОВ (06.1937-06.1938)

233 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ж.Арыстанов Қызылорда облысына қарасты Тереңөзек ауданының бiрiншi ауылында өмiрге келдi. Жасынан iзденiмпаздығымен ерекшеленген ол сауатын елде жүрiп-ақ ашты.

Басылым басшылары - Жүсiпбек АРЫСТАНОВ (06.1937-06.1938)

Ол он бес жасында-ақ комсомол қатарына өтiп, оның төменгi буындарында жұмыс iстей бастады. Бiр топ қазақ жастары, комсомол активтерi болып 1922 жылы Мәскеудiң Шығыс еңбекшiлерiнiң коммунистiк университетiне (КУТВ) оқуға аттанады. Талантты жас оқи жүрiп, комсомол жұмысына белсене қатысады. Бiлiм алуды еңбекпен ұштастырып, СССР халықтары Орталық баспасында қазақ секциясының жұмысын басқарады. Сол жерден Орта Азиядағы Ферғана майданына аттанады, басмашыларға қарсы күреске қатысады.

1925 жылдан бастап рес­публикамыздағы педагогтiк, журналистiк, партиялық жұмыстарға белсене араласады. Жетiсу губерниялық партия-совет мектебiнде, Алматы педагогика техникумында, Орта Азия мемлекеттiк университетiнде, қазақ мемлекеттiк университетiнде ғылыми, жауапты педагогикалық қызметтерде болады. 1933 жылы партия Арыстановты Әулиеата ауданына (қазiргi Жамбыл облысы) Майтөбе ет-сүт совхозы саяси бөлiмiнiң бастығы етiп жiбередi. Осы жерде ол шаруашылықтың өсiп-өркендеуiне елеулi үлес қосады. Еңбегi бағаланып, келесi жылы Ленин орденiмен наградталады.

Ж.Арыстанов мұнан кейiн Алматыдағы Марксизм-ленинизм институты директорының орынбасары әрi бас редакторы болып iстеп, орыс классиктерiнiң шығармаларын қазақ тiлiне аудару және басып шығару iсiне лайықты үлес қосты. Ол қазақстан өлкелiк партия комитетiнде бөлiм меңгерушiсiнiң орынбасары болды.

Оның журналистiк қызметiнiң өзi бiр төбе. Шымкент, Жетiсу губерниялық газеттерi, “Ауыл коммунисi” журналы редакторының орынбасары қызметтерiн атқарды. 1937 жылдың сәуiрiнен 1938 жылдың маусымына дейiн “Социалистiк Қазақстан” газетiнiң редакторы болып iстедi. Осы жылдар iшiнде ол Қазақстан Коммунистiк партиясы Орталық Комитетiнiң мүшесi және Орталық Комитет бюросының мүшелiгiне кандидат болып сайланады.

Ж.Арыстановтың “Жалынды жүрек”, кейiн “Таң жұлдызы” деген атпен өңдеп, толықтырып шығарған кiтаптары республика жастар ұйымының өмiрiне, оның жалынды ұйымдастырушысы және жетекшiсi Ғани Мұратбаевтың өмiрi мен қоғамдық қызметiне арналған. Ал “Сұңқар да жердi мекендейдi” деген деректi повесi халқымыздың қалаулы ұлдарының бiрi – Ораз Жандосовтың өмiрi мен қызметiн баяндайды. “Естен кетпес есiмдер” атты естелiктерiнде республиканың көрнектi адамдарының, белгiлi қайраткерлерiнiң өсу, қалыптасу жолдарын ел өмiрiмен тығыз ұштастыра көрсетедi.

Ж.Арыстанов 1992 жылы қайтыс болды.