Руханият • 18 Желтоқсан, 2019

«Сахнагер-2019» Ұлттық театр сыйлығының иегерлері анықталды

340 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр- Сұлтан қаласында Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан театрлар ассоциациясының ұйымдастыруымен «Сахнагер-2019» Ұлттық театр сыйлығының салтанатты марапаттау кеші өтті. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Сахнагер-2019» Ұлттық театр сыйлығының иегерлері анықталды

Oлардың қатарында драма, опера, балет, қуыршақ, жастар театрларында еңбек етіп жүрген, айрықша дарыны мен шығармашылығы арқылы ел өнерінің дамуына ерекше үлес қосқан кәсіби мамандар бар. Әдеттегідей «Сахнагер - 2019» ұлттық сыйлығы - 2018-2019 жылдардағы театр маусымының қорытындысы бойынша басты номинация «Сахнагер» сыйлығы мен арнайы кубогы 18 үздік маманға берілді.

«Үздік драматург» номинациясымен драматург Роза Мұқанова марапатталды. Ал «Үздік режиссер» номинациясын  Гүлсина Мерғалиева алды.

Биыл «Teaтр өнерінің дамуына қосқан ерекше үлесі үшін» номинациясы 4 сахна шеберіне, «Сахналық ғұмыр» номинациясы шығармашылық еңбек өтілі елу жылдан кем емес 2 өнер ардагеріне (Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының негізін қалаушылардың бірі, актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Рымкеш Омарханова – «Сахналық ғұмыр» арнайы номинациясымен), сондай-aқ сахнада үздік өнерімен жарқырап көрінген талантты 30 жас маманға «Үміт» сыйлығы табыс етілді.

Актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері - Нүркен Өтеуіл – «Үздік актер»;

Жас актер, композитор, «Серпер» Жастар Одағы сыйлығының иегері Олжас Жақыпбек «Үміт» номинациясымен марапатталды.

Айта кетейік, «Сахнагер-2019» Ұлттық театр сыйлығы – еліміздің мәдени кеңістігін біріктіріп қана қоймай, мемлекетіміздің көпұлтты театр өнерінің дамуына тірек болатын көркемдік эстетикалық және рухани құндылықтарды насихаттайды. Бүгінгі театр өнері үрдісіндегі жаңашылдық пен сахналық ізденістерді көпшілікке дәріптеп, өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттер мен елдік сезімдерді арттыруға жол ашады. Сонымен қатар байқау республикалық және өңірлік театрлардың шығармашылық келбетін сақтау мен дамытудағы рөлін айқындап, дамытуға мүмкіндік туғызады.

 

Соңғы жаңалықтар