Өткен жылдың егін орағы жүріп жатқан алтын күзінің бір күнінде шұғыл шаруа жәйімен Шардара ауданындағы Комсомол ауылына жол түскені бар. Дес бергенде мәселе тез шешілді де, осы ауылдан Шардара қаласындағы комбинатқа астық тасымалдап жүрген машиналардың біріне отырып, іле кері қайттым. Шофер 25-тер шамасындағы, зор денелі, сұлуша жігіт екен. Өзі сөзге жоқ болса керек. Ләм-мим демей, добалдай саусақтарымен рөлді сындырып жіберердей қатты қысып, алдан көз алмай, қыбыр етпей, тіп-тік боп, сіресіп отыр. Мен де үнсіз отырдым да әлден уақытта үнсіздіктен әбден жалығып: «Атың кім?» дедім. Ол сол тіп-тік болып сірескен қалпы: «Аппақбай, – деді салқын ғана. – Егін жинасуға мұнда Жетісай ауданы жағынан жәрдемге келіп едім. Астық тасымалында жүрмін». Осы кезде бір нәрсе шар ете қалды. Содан соң тағы да шар-шар етті. Шар еткен автоинспектордың ысқырығы екен. Міне, өзі де келді. «Тым қатты келесіздер. Соны ескертейін деп едім», – деді ол қолын шекесіне апара беріп, сөйтті де күлімсіреп қойып, сәл кейін шегінді. Мұнысы: «Жүре беріңдер, бөгемеймін» дегені еді. Бірақ, кенеттен ол қайтадан ілгері ұмтылып, жүргізушіге қолын созды: – Айтпақшы, жігітім, жол қағазыңды көрсетші? – Инспектор қағазға біраз шұқшия қарап тұрды. – Атың Қалдыбай ма? Былай болсын, Қалдыбай мырза, құйындатпай, абайлап жүрейік!
Машина енді жайлап жүрді. Жүргізуші тағы да үнсіздікке басқан, мен де үнсізбін Бірақ ішімнен: «Маған өзін «Аппақбаймын» деп еді. Қағазда Қалдыбай екен...» деп әрі-сәрі болып отырмын. Бір кезде ол маған сезіктене қарап: «Үндемей қалдыңыз. Сірә, дәу де болса, «мына жігіттің екі есіммен жүргені қалай?» деген ойдасыз-ау, – деді. Содан соң кенеттен қабағын шытынып: – Жаман ойламаңыз. Оның себебі бар», – деп сөйледі де, тағы да үнсіздікке берілді.
Күз айы болғанымен, күн дегенің жанып тұр. Тіпті өрт. Тыныс тарылып, бас айналады. Оның үстіне мына жігіттің қос есіммен жүру себебін білгің келіп, тағы да жаныға түсесің. Бұл да денеңді одан әрі ысыта түседі екен. Ал, Аппақбай ма, әлде Қалдыбай ма – мына жігіт сөйлер емес. Сол рөлді қыса ұстап, тіп-тік боп сірескен қалпы. Бір кезде барып:
– Мен Ордабасы ауданындағы Темірлан ауылының жігітімін, – деді-ау ақыры. – Әкем мен анам және екі інім қазір де сол жерде тұрады. Мен Темірланда жүргізуші болып істеп жүргенмін. Бірде, өткен жылдың бас кезінде, Алматы жағына, демалыс үйіне бара қалдым. Демалыс үйіндегі жағдай белгілі ғой, өзіңіз де талай демалыс үйінде болған шығарсыз, білесіз ғой... Орайы келіп, Жетісай ауданы жағының бір қызымен таныса қалғаным. Өзі маған ә дегеннен-ақ ұнап қалды. Байқаймын, ол да кет әрі дейтін емес. Кет әрі дейтін емес болған соң, ұзаққа созатын не бар! «Темірлан қайдасың?» деп тарттық да кеттік. Одан – Жетісайға. Той-думан... Содан, бірер аптадан соң барып әрең ес жинадық-ау. Ес жинаған соң: «Ал енді Темірланға, үйге қайтайық!» – демеймін бе келіншегіме. Сөйтсем, ол: «Жоқ!» – дейді. «Темірланға қазір бара алмаймын!» – дейді. «Бүкіл ауыл болып институтқа хат жазып жүріп, мені өздеріне дәрігерлікке арнайы шақыртып алған еді. «Күйеуге шықтым! Ал, қош тұрыңдар!» дегенім ұят-ты. Осында қалайық та, менің әке-шешемнің қолында тұра берейік», – дейді. – Ол әңгімесін бөліп, маған қарады. «Сіз не дейсіз? Не айтасыз?» дегендей. Мен не дейін. Үндегенім жоқ. От боп жанған кабинада маңдайдағы моншақ-моншақ терді саусағыммен сыпырып тастап, ыстықтан өлердей боп, тырс етпей отырмын. Мен үндемеген соң, ол қабағын сәл шытына түсіп, жүзін бұрып әкетті. – «Ой, қой ондайды!» дедім. «Орыс достарға тән дәстүрмен мені әке-шешеңнің қолына кіргізбек ниетте екенсің ғой!» деп ашуға бастым. «Бұлай болмайды!» дедім. Ал, келіншегім қане көнсейші. Әрі айтам, бері айтам, бір иліксейші. Ие... Енді не істеу керек?
Жігіт көмек күткендей маған тағы да басын бұрды. Бірақ, менен қайран жоқтығына әлгінде көзі жеткен-ау деймін, бұл жолы тез-ақ әрі қарап кетті.
– Не істейтіні бар! Әңгімені созбаққа салмай, қысқа қайырдым: «Не Темірланға жүресің, не... ойлануыңа үш күн мұрсат! Бүгін жексенбі, сәрсенбіде ораламын» дедім де, Темірланға кеттім де қалдым. Дәл үш күн өткенде, сәрсенбіде оралып келдім. Келсем, үйде адам дегенің... Ауыл әкімшілігінен деймісің, ауыл ауруханасынан деймісің, тіпті мешіттен де деймісің... Қағаздарын бұлғап, шуылдап, айтып жатыр... Бірақ, қандай сөз болуы мүмкін?! Әйелі күйеуіне жіб ерілмесін деген заң жоқ қой.
Маған қарап:
– Солай емес пе? – деп сұрады. Алайда, менің жауабымды күткен жоқ. – Солай, ондай заң жоқ! – деп ашуланды. – Не керек, олардың талаптарынан да, тіпті өктемдіктерінен де түк шықпады. Мен бір метр де шегінбей, тұрып алдым. Содан соң: «Ал, мен кеттім. Тағы да үш күннен соң келемін!» деп нықтай айтып, үйден шығып кеттім. Айтқан күнімде келсем, қызыл галстукті бір кісі мені күтіп отыр екен. Өзі айтты, осы ауылдың әкімі екен. «Сен біздің қадірлі дәрігерімізді қашанға дейін ренжіте бересің!» дейді. Мен: «Ренжіткені несі? – дедім. – Ол менің әйелім ғой. Әйелім болған соң белгілі, менімен бірге тұруы керек». Әкім мені қостай кетті. «Дұрыс, өте дұрыс! – деді, содан соң отырған бөлме ішін көзімен мұқият шолып өтіп: – Міне, осында тұрыңдар» дейді. «Жо-жоқ, пейіліңізге рахмет, бұнда тұрмаймыз, Темірланда тұрамыз! Және де нақ бүгін, дәл қазір кетеміз!» деп мына кісінің балаға ұқсатып сөйлескеніне жаман кектеніп түйіп айттым. Әкім, сірә мұны байқаса керек, түсін біршама жылытып: «Бүгін, нақ қазір кете алмайсыздар-ау, – деді жұмсақтау үнмен. – Неге дейсің бе? Мынадай себептен...».
Сөйтсем, әңгіме былай екен. Менің келіншегім басқаратын аурухана ұжымы ауыл тазалығын, ауыл мәдениетін, саламаттылықты көтеру жөнінде бастама жасап, оны бүкіл аудан қолдауда екен. «Егер сенің әйелің қазір кетіп қалса, өзі көтерген бастаманың сәтті болатынына сенбегені, қашып кеткені болып шықпай ма?! Ал, бұның өзгелердің ұмтылысына баяулық келтірері анық» дейді әкім. Миға салып шақсам, дұрыс сияқты. Келіншегімнің Темірланға қазір бара алмаймын деуі жөнсіз қиястық емес, мемлекеттілік қажеттілік екен. Әкім тура осылай деді: мемлекеттілік қажеттілік! Жөн сөзге тоқтамау – қыңырлық! «Жақсы!» дедім де, Темірланнан Жетісай жағына, келіншегімнің үйіне сарт етіп көштім де келдім.
Рас, ағайындарым: «Қой, шырағым, райыңнан қайт! Қазақта «күшік күйеу» деген болады. Қайын атаңның үйіне кіріп алсаң, сені солай атайды әлі-ақ. Сүйекке таңба, ол!» десті. «Тәйт, әрі! – деп оларды қайтарып тастадым. – Күні өткенді жаңғыртпаңдар! Жарамсызға жармаспаңдар!». Ал енді осындай айқай-шудан соң келіншегіміз екеуміз қандай тату тұрдық десейші! Әттең, бірақ... – деп жігіт басын қынжылта шайқап-шайқап қойды.
«Тағы не болып қалды екен?». Мен жаныға түстім. Ол менің ойымды оқып шыққандай: «Несін сұрайсыз, ең күйініштісі, ең реніштісі енді басталды, – деді қапалана. – Темірланда жүргізуші едім дедім ғой. Мұнда бір фермаға механиктікке қабылдандым. Жаңа жер. Жаңа орта. Ауылдың көпшілік адамы өзімді тани да бермейді. «Бұл бала кім болады?» деп сұрап жатады.
Шофер жігіт кенет ызалана мырс етіп қойды.
– Менің келіншегімнің есімі Аппақ еді. Өзі расында аққұба, сұлу жан және де көпшілік әдемі әйелдер сияқты аздап тасырлау, еркек-шоралау келген. «Танысып қойыңдар, біздің байымыз!» деп таныстырар еді мені. «Әй, әлгі біздің байымыз қайда екен?» деп іздер еді мені. Ал ауылдық жерде от ауыз, орақ тілділер көп қой, жармаса кетеді. Кейін маған сөйтті де: «Аппақтың байы!» деп кетті. Алғашқыда сыртымнан айтып жүрді, біртін-біртін ет өлді болып, көзімді бақырайтып қойып-ақ айта беретін болды. Тіпті екі сөзді біріктіріп, оны менің атым іспеттендіріп, «Аппақбай» деп те жібергені. Түсініп отырсыз ба... Сөйтіп, тегімнен де, атымнан да жұрдай болып, «Аппақтың байы», «Аппақбай» болып шыға келдік. Сонда, мені бір жек көргендерінен осылай атайды дейсіз бе? Жоқ, тіпті де олай емес. Жәй, әдет болып кеткен. Бірақ, оны қойдыруға күш те жоқ. Күшті болсаң, қақпақ қой жұрттың аузына! «Аппақбай, сәлем бердік!» деп амандасады. «Аппақбай, ал сау тұр!» деп қоштасады...
Қалдыбай тағы да ызалана мырс етті де, қалтасынан сигарет алып тұтатты. Бірақ, оны сорды да, терезеден лақтырып жіберді.
– Бірде Аппаққа осы ерсі атау жайлы айтқаным бар. Жылағандай болып отырып айттым. Менің реніш, күйінішімді түсінеді ғой деп айтқан едім. Сөйтсем, ол күліп тұр. «Не, әйел затын еркек арқылы ғана: «Мына кісінің зайыбы!» деп таныстыру шарт па екен. Ол өткен уақыт. Енді еркектерді әйелдер арқылы «Мына кісінің ері!» деп танитын боламыз!» деп шіренді. Бәлкім, шіренбеген де болар. Жәй-ақ, әзілдеп-ақ айтқан да болар. Бәлкім, онысы дұрыс та болар. Қазір өзі дүние дегенің үсті астына түсіп, асты үстіне шығып, шыр айналып бара жатқандай ғой. Біреулерге ұнар да, ал маған...
Қалдыбай тағы да темекіні тұтатты. Іле оны тағы да лақтырып тастады. Сөйтті де, қайтадан үндемей, рөлді үгітіп жіберердей қатты қысып, алдан көз алмай, кеудесін тіп-тік көтеріп, сіресті де қалды. Көзімнің қиығымен білегімдегі са ғатқа қарап қоямын. Он минут өтті. Жарты сағат өтті. Елу... Міне, Шардара қаласы да көрінді. Осы кезде барып сөзін одан әрі жалғастырды: «Осыдан жарты ай бұрын Аппақ босанып, Едіге есімді ұлды болдық. Қуанышта шек жоқ. Алайда, қуанышым ренішке де айнала жаздауда. Қазіргі кезде балаға перзентхананың өзінде-ақ куәлік жазатын әдет шықты емес пе. Менің қолыма да құжат ұстатыла берді. Қарасам: «... Едіге Аппақбайұлы...» деп тұр. Белгілі ғой... Фермадағы қызметімнен бір айға сұранып шығып, осында, Шардарада, егін орағын өткізуге көмектесуге келдім. Әрі өзіме өзім келермін, ой тоқтатармын деген де есеп бар.
Сәділ КӘДЕЕВ.
Шымкент.