Қазақстанның азаматтық Альянсы мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына мониторинг бойынша түсінік жұмыстарын жүргізді
Қазақстанның азаматтық Альянсы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Болашақ бүгіннен басталады!» республикалық іс-шара шеңберінде «Мемлекеттік қызметтер көрсету туралы» Заңның негізгі ережелерін түсіндіру бойынша семинарлар желісін өткізді.
Аталған семинарлардың басты мақсаты – қатысушыларды қабылданған заңның негізгі ережелерімен таныстыру, сондай-ақ, мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасына бағалау жүргізуде Үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) қызметінің пішіндері мен мазмұндарын түсіндіру болып табылды.
Қазақстанның азаматтық Альянсының өңірлік құрылымы аталған семинарларды өткізу кезінде еліміздегі Үкіметтік емес ұйымдардың барынша кең ауқымын қамтуға мүмкіндік берді. Мәселен, семинарларға 14 облыстан, Астана мен Алматы қалаларынан 400-ден астам ҮЕҰ өкілдері қатысты.
Мысал үшін айтсақ, Орал қаласында мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын жоғарылату бойынша ҮЕҰ қызметтерінің базалық түсініктерімен танысуға коммерциялық емес ұйымдардың 26 тыңдаушысы қатысты. Семинардың тренері ретінде «Әділет» консалтингтік компаниясының бас сарапшысы А.Бисенова тартылды.
Семинарда ақпаратты беру мен қабылдаудың түрлі пішіндері: тұсаукесер, мәселелерді талқылау, топтардағы жұмыс, міндеттерді шешу бойынша тренингтер пайдаланылды. Шара қорытындылары бойынша барлық тыңдаушылар «Қоғамдық мониторинг» жобасына белсенді қатысуға тілек білдірді. БҚО азаматтық Альянсының өкілдері мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау бойынша бірлескен жобалар жасау ұсынысымен шықты.
Көкшетау қаласындағы №4 орта мектеп базасында да «Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына мониторинг жүргізуде ҮЕҰ-лардың рөлі» деген тақырыпта семинар өтті. Оған өңірдегі жетекші ҮЕҰ-лардың жетекшілері мен қызметкерлері – барлығы 30 адам қатысты.
Ақпараттық және оқыту бағыттарынан басқа, семинар практикалық сипатқа да ие болды. Л.Сеңгірбаева («Томирис» әйелдердің жастар орталығы), А.Әмірова («Болашақ» қоғамдық қоры) секілді белсенді қатысушылар аталған бағыттағы жұмыс тәжірибелерімен бөлісті. Олар бүгінде ҮЕҰ-лардың қызметтер көрсетудің сапасын бақылауда қандай тетіктерге жүгінуге болатыны туралы әңгімеледі.
Семинар аяқталған соң барлық қатысушылар мемлекеттік қызметтер көрсетулер сапасына бақылауды ұйымдастыру бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тетігін жасау қажет деген ортақ пікірге келді.
Қарағандыда өткен семинар бағдарламасы бойынша «Мемлекеттік қызметтердің реестрі», «Алушыларға жаппай сұрау салу», «Фокус-топтар» тақырыптарында практикалық оқулар ұйымдастырылып, «Қызметтер көрсетуді қалай бағалауға болады», «ҮЕҰ қызметтер сапаларын бағалаудың мүмкіндіктері мен шектеулері» деген тақырыптар бойынша теориялық іс-қимыл мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ, Қарағандыдағы шара аясында жаңа заң жобасын қолдауға арналған флеш-моб ұйымдастырылды.
Қостанай қаласында өткен семинарда мемлекеттік қызметтер қалай бағаланатын болады деген сауалға қатысты мәселелер туындады. Кейін белгілі болғанындай, әр өңірде мемлекеттік қызмет көрсетудің өз үлгі-қалпы бар болса, басқалары сол белгілі бір өңірдікіне сәйкес келуі тиіс екен. ҮЕҰ-лар осы үйлеспеушілікті шешудің жолдарын жан-жақты қарастырды.
ҮЕҰ өкілдеріне Маңғыстау облысында өткен семинар не берді? Бұл сұраққа «Маңғыстау облысы азаматтық Альянсының» президенті Ж.Маханбетова жауап беруге ұмтылды. «ҮЕҰ өкілдері үшін мұндай тренингтер Қазақстанның барлық өңірлерінде өткізілуде. Қатысушыларға мемлекеттік қызметтер көрсетудің «статусы» мен «реестрі» ұғымдары түсіндірілді.
Өз кезегінде «Шығыс Қазақстан облысы азаматтық Альянсының» президенті О.Чернышов бүгінде көптеген ҮЕҰ өкілдері мемлекеттік қызмет деген не нәрсе және осы қызметтерді бағалауда ҮЕҰ-лардың рөлі қандай деген мәселелерді түпкілікті түсінбейтіндіктен, осындай семинарлар өткізу аса қажет деп есептейді. «Аталған үдеріске, сондай-ақ, ауылдық ҮЕҰ-лар өкілдерін де белсенді тарту керек деп есептеймін», деп атап өтті Олег Владимирович.
Ақтөбелік ҮЕҰ өкілдері де мемлекеттік қызметтер көрсетуге қоғамдық мониторинг жүргізудің қыр-сырын меңгеруге ұмтылды. «Біз, мысал үшін, Үкіметтің электрондық сайтына кіріп, 500 қызметтің кез келгенін таңдап алуға және оның сапасын бағалауға тырыстық. Оны жұмыссыздардың а нықтама алуларынан бастадық. Сайтта оны алудың тәртібі – мерзімі, үлгісі, шарты көрсетілген екен. Мұнымен қоса, адам анықтама алуға келген ХҚО-ның күту залында орындық бар ма, күтушілер өздерін қалай сезінеді, құжат алу үшін олар белгіленген 10 минут па әлде одан көп уақыт жұмсай ма деген мәселелерге назар аудару қажет болды. Осының бәрін бағамдай келе, кез келген қатысушы өз ұсынысын енгізе алады», дейді Ақтөбе облысы ҮЕҰ қауымдастығының директоры А.Дүйсенова.
Оқудан өткен барлық қатысушылар қабылданған «Мемлекеттік қызметтер көрсету туралы» Заң тұрғындарға қызметтер көрсету бойынша мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру бағытында маңызды қадам болып табылды деген ортақ пікірге келді.
Еске сала кетсек, «Мемлекеттік қызметтер көрсету туралы» Заңға Мемлекет басшысы үстіміздегі жылдың 15 сәуірінде қол қойған болатын. Заң мемлекеттік қызметтер көрсетудің тәртібін айқындауды, «мемлекеттік қызмет» дегенге жаңа түсінікті, мемлекеттік қызметті тұтынушылардың құқығын заңнамалық регламенттеуді, сондай-ақ, қызметтер көрсетудің сапасына қоғамдық мониторинг жүргізуді қарастырады.
Бүгінде мемлекеттік қызметтер реестрінде 574 атау бар. Реестр құрылған 2010 жылдан бері мемлекеттік қызметтер көрсету саны үш есеге жуық өсті. Міне, нақ сондықтан коммерциялық емес ұйымдардың рөлі артып, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізу мүмкіндігін заңнамалық қамтамасыз ету қажеттігі туындап отыр.
Заңның жаңалығы ұсынылған қызметтер сапасына, олардың мерзімі мен үлгі-қалыптарының сақталуына қоғамдық бақылау жүргізу мүмкіндігі болып табылады. Өйткені, орта статистикалық қазақстандық үшін мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасы мемлекет жұмысының басты көрсеткіші саналады. Мәселен, егер адам қандай да бір анықтама немесе құжат алу үшін өзінің ешқандай ақылға қонбайтын уақытын сарп етсе, мемлекеттік машина жұмысын бағалау, тұтастай алғанда, жағымсыз болып шығатыны айтпаса да түсінікті. Бұдан бөлек, қызметтер көрсетудің нақпа-нақ үлгі-қалыптары жоқ болса, жемқорлық құқық бұзушылық көріністерінің ықтималдылығы артатыны тағы анық. Ал бұл өз кезегінде көрсетілетін қызметтің сапасын төмендетіп қана қоймай, тұтастай алғанда, азаматтардың мемлекеттік аппаратқа сенімін жоғалтады.
Мемлекеттік қызметтер сапасына бақылауды тек коммерциялық ұйымдар ғана емес, сондай-ақ, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік пен Көлік және коммуникациялар министрлігі де жүзеге асыратынын атап өту қажет.
Заңнамаға сәйкес, коммерциялық емес ұйымдар мемлекеттік қызметтер көрсетудің қоғамдық мониторингін өз есебінен және өз бастамашылығы бойынша да жүргізе алады. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтер көрсетуді бағалау мен бақылауға өкілетті орган мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында мониторингке коммерциялық емес ұйымдарды тартуға да құзырлы. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің 2014 жылғы бюджетіне қазірдің өзінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасына мониторинг жүргізуге коммерциялық емес ұйымдарды тарту үшін қаржы ресурстары салынатыны жоспарланып отыр.
Тұтастай алғанда, «Мемлекеттік қызметтер көрсету туралы» Заңның қабылдануы мемлекеттік қызметтер көрсетудің ортақ талаптары мен тәртіптерін заңнамалық тұрғыдан бекітуге, қызметтер көрсету саласында мемлекеттік органдардың міндеттерін нақты белгілеуге, Қазақстан азаматтарына мемлекеттік қызмет көрсетілетін кез келген орында өз мониторингіне бастамашылық жасауға мүмкіндік береді. Себебі, мемлекеттік қызметтер көрсетуде азаматтардың мүдделерін тиісті деңгейде қаперге алу басты шарт – мемлекеттік органдар жұмысының мөлдірлігі мен азаматтардың толыққанды ақпараттандырылуы жағдайында мүмкін болмақ.
Сәулебек БІРЖАН.
АСТАНА.