Аймақтар • 18 Желтоқсан, 2019

Көкшетаудағы наркологиялық орталықта 7000 адам есепте тұр

162 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Есептегі 7000-ның 6500-ге жуығы ішімдікке салынғандар, қалғаны нашақорлар. Барлығы дерлік ересектер. Бір өкініштісі, жергілікті ұлт өкілдерінің үлесі басым.  

Көкшетаудағы наркологиялық орталықта 7000  адам есепте тұр

 45 жасар  Асхат  өткен  20  жылын өкінішпен еске алады. Ол  16 жасынан есірткінің шырмауына  байланған. Өмірін өксік еткен ақ ұнтақ үшін ұрлық жасап, бес мәрте темір торға да тоғытылыпты. Сегіз жыл бұрын қатты аязда аяғын үсіріп, бір башпайынан айырылған. Сол жарасы өкінішті күннің  белгісі болып қалғандай. Бірақ  бүгін  бәрі  басқаша.

– Қазір менің өмірім түбегейлі өзгерді. Өйткені, мен жаратқанға сеніп, намазға жығылдым. Бұл тез болған жоқ, әрине. Қаншалықты көп күнә жасағанымды түсініп, бұған дейін дұрыс өмір сүрмегенімді ұғындым. Жақындарыма қаншама зиян келтірдім, – дейді Асхат.

25 жыл темекіге тәуелді болып, қазір оны да тастаған. Есірткіні де ұмытқанына он жыл. Жаңадан шаңырақ көтеріп, иманды үйдің иесі болып отыр. Наркологиялық орталықта нұсқаушы қызметін атқаратын Исламның да тағдыры алдыңғы кейіпкерге ұқсас. Ақтөбелік жігіт Көкшетауға емделуге келіп, осы жақта өмірін ақ парақтан бастасам дейді.

– Мен жақсы спортшы едім. 1990 жылдары есірткі шегу сәнге айналды. Еліктеген де шығармыз. Ол кезде төтенше жағдай басқармасында қызмет істедім. Кәсіби сүңгуірмін. Есірткінің салдарынан жұмысымнан айырылдым. Қазір міне, бір жарым жылдан бері есірткіні доғардым,–дейді қала тұрғыны Ислам.

Туған өлкесінде, бұрынғы шаңырағында екі баласы мен жары қалыпты. Араласып тұрады. Сүйікті мамандығына қайта оралу қиын дейді.  Өйткені, өткені алдынан шығады. Қазір облыстық наркологиялық орталықтағы өзі сияқты өзге де жандарға  басынан өткен оқиғасын айтып, түзу  жолға салуға жәрдемдесуде. Облыстың бас наркологы Ғалия Өсербайқызының айтуынша, есірткіден бас тартқандар бақылауда болмақ.

– Біз наркологиялық науқастарымызды  бір  жыл  бойы  бақылаймыз.  Егер  науқас  бір  жыл  көлемінде  ай сайын тұрақты түрде қаралып тұрса және ол есірткіден бас тартса,  учаскелік инспектор оны растаса, жұмыс орны мен дәрігерлік комиссия мінездеме берсе, біз ол адамды есептен шығарып тастауға құқылымыз, – дейді облыстық психологиялық-оңалту орталығының жетекшісі Ғалия  Мұхамедьярова.

Бүгінде  облыста 533  адам есірткіге  тәуелді   ретінде  тіркелген. Оның біреуі – жасөспірім.