18 Желтоқсан, 2019

Желтоқсаншы

2355 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Желтоқсан оқиғасына қатысты фотосуреттердiң iшiнде көпшiлiкке жақсы таныс бiр бейне бар. Екі солдат жас жiгiттiң қос қолын артына қайырып, бұйра шашынан қапсыра уыстап, желкелеп әкетiп барады...

Желтоқсаншы

Аталмыш сурет газет-журналдарда көп жарық көрдi, телеэкрандардан талай көрсетiлдi. «Бұл жiгiт кiм болды екен?» деген сұрақ санаға сан рет оралды. Сөйтсек, суреттегі желтоқсаншы азамат Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театрының әртiсi Мейрам Қайсанов екен. Кешегі желтоқсаншы, бүгінгі танымал әртіс Мейрам Иебекұлын сөзге тартып, қағазға түскен жазбаны оқырманға ұсынып отырмыз.

1986 жылдың 16 желтоқсаны болатын. Сол күнi жатақханаға кешеуiлдеп оралдым. Келсем, бiрге тұратын жолдастарым Бақтыбек Құрманғожаев, Құрманғазы Айтмұрзаев, Сағындық Жұмадiловтер отыр екен. Бұлар менен бiр-екi көйлектi бұрын тоздырған сақа жiгiттер. Өзара бiрдеңелердi талқылап жатқанға ұқсайды. Көп мән бере қойған жоқпын. Аздан кейiн бөлмеге Мұхтар Қапалбаев кiрiп келдi. Өңi абыржулы. «Студенттер жиналып, көшеге шығып жатыр», – дедi аптығып. Бiр ауыз сөздiң өзi бiраз сырды аңғартқандай. Бiз де дайындалдық. Көркемсуреткескiндеме факультетiнiң жiгiттерi дереу лозунгтер даярлап шығарды. «Әр елдiң өз көсемi болу керек» деп, жазып та қойдық. Сол кезде бiзде қызбалық пен құмарту басым еді. Қорқыныш та жоқ емес. Сөйтiп, ынтығу мен үрей арасында көз iлiндiрiп алдық. Кiм бiлген, осындай тәттi ұйқының көпке дейiн арман болып қалатынын... Таңғы сағат алты-жетiлер шамасы. Бiр топ студент жатақхана маңына жиналадық. Жолай ҚазМУ, Медицина университеттерiн аралап, iлесем деушілерді қосып алып, қаланың орталық алаңына қарай беттедiк. Желтоқсанның қақаған аязына қарамастан алаңда адамдар лық толы екен. Денi жастар. Ештеңеден тартынар емес. Намысқа қызып алған. «Өз елiмiзде өз ұлтымыздың азаматы басшы болсын!», «Әр ұлттың өз көсемi болсын!» деп айқайға басып тұрмыз. Бiр кезде жастар Шәмшiнiң «Менiң Қазақстаным» әнiн шырқай жөнелдi. Асқақ ән жастардың рухын көтерiп, намысын қайрай түскен тәрiздi, шеру екпiндеп кетті. Бiрақ бейбiт. Жастар қанша ұрандатып шуласа да, тәртiп бұзған жоқ.

Шерушілер бір орында толқып тұрмай, шеруді жалғастырып, қаланы аралауға кiрiстi. Абай көшесiн бойлай отырып, Достыққа қарай өттiк. Достық көшесiнен төмен қарай жылжыдық. Адамдар әр жақтан бiзге қосылып жатты. ҚазПИ-ге келдiк. Әскери адамдар есiктi жауып ұстап тұр екен. Оларды қақ жарып өтiп, iштегiлердiң шығуына жәрдемдестiк. Сыртқа шыққандар бiзге қосылды. Жұбымызды жазбай, Мақатаев көшесiнде орналасқан Қыздар педагогикалық университетінiң жатақханасына да келiп жеттiк. Жатақхананың есiктерiн шегелеп тастапты. Сыртынан әскери адамдар қоршап алған.

Бұзып-жарып тағы да басып кiрдiк. Қайтадан қазіргі Байтұрсынов көшесiмен жоғары өрледiк. Алаңға беттедiк. Ондағы адамның көптiгi көз сүрiндiреді. Қалың нөпiрдiң iшiне кiрдік те кеттiк. Жүрегi қазақ деп соққан қайран жастар дәл сол кезде алдағы күндерiнің зобалаңға айналарын, сондай бiр сұмдықтың болып жатқанынан бейхабар едi. Біз көше-көшенi аралап, айғайлап жүргенде әр жерде әскерилер отырған УАЗик машиналар тұрды. Бiрақ албырт жастар оған мән бере қойған жоқ. Сөйтсек бар пәле осы көлiктерде екен. Машина терезелерiнiң ар жағынан шеруге қатысушыларды суретке, бейнетаспаға жазып арнайы адамдар отырыпты. Түс ауа сап түзеген әскерилер алаңға жиналған жастарды тықсыра бастады. Әскерилердің қолында сапер күрегі бар... Оған қарап тұрған біз жоқ. Бейтаныс бiреу келiп, менi мойнына мiнгiзiп алды. Қолымда ұран жазылған лозунгтiң бiр шетi. Лозунгтың екiншi шетiн менен бір курс жоғары оқитын Жеңіс деген жiгiт ұстады. Ол да біреудің мойнына мініп алған. Кейін осы жігіт 2,5 жылға сотталып кеттi. Ашынған жұрт тарқар емес. «Қонаев қайда кеттi, өз еркiмен кеттi ме? Шақырыңдар. Өз аузынан естиiк» деп айғайлаған дауыстан құлақ тұнады. Бiрақ қарсы жақтан еш жауап жоқ. Бiз мiнбеге жақындап, баспалдақпен жоғары өрледiк. Сол кезде байқадық, ақ үй жақтан самсаған әскерлер алаңды бетке алып келе жатыр екен. Мұздай қаруланыпты. Олар қолында ешбiр қаруы жоқ жандарға шабуыл жасайды деп әсте ойламаппыз. Бiз есiмiздi жиып үлгергенше қарсы жақтан «Алға!» деген қатқыл бұйрық естiлiп, әлгiлер бiзге лап бердi. Қиян-кескi ұрыс басталды да кеттi. Алаң у-шу. Қып-қызыл қанға боялған. Жан ұшырған шыңғырыс. Қаңсырап жатқан адамдарды әскерилер одан сайын мертiктiрiп, алаңның сыртына қарай сүйреп әкетiп жатты. Әскери отряд бет қаратсын ба? Әп-сәтте алаң соққыдан есеңгiреген, ағыл-тегiл қанға боялған адамдарға лық толды.

Менiң де жайым шамалы едi. Екi бүйiрден тиген соққы есiмдi тандырды. Ауыр тепкiден талып қалыппын. Қанша жатқанымды бiлмеймiн. Есiмдi жисам, әлдекiмдер шашымнан тартып, сүйрелеп барады. Алдымдағы шақырайған жап-жарық бірнәрсе көз аштырмайды. Ол бейнекамера екен, қолға түскен мені түсіріп жүрген түрі. Мына сіздердің қолдарыңыздағы сурет осы оқиғаның қалт еткен бір сәті. Содан бәрiмiздi бiр машинаға тиеп, алып кеттi. Қайда екендiгiн ешкiм бiлмейдi. Әйтеуiр бiр жерге келiп тоқтадық. Iшi дым тартқан, иісі қолқаны қабатын тар бөлмеге әкеп қамап қойды. Кешікпей бiр-бiрден тергеуге шақырды. Менiң де кезегiм келдi. Жау түсіргендей қаһарлы айдауыл мені алдына салып айдап келеді. Ұзын дәліз бітіп бермейді. Жан-жағымнан жылаған қыздардың дауысы, қайсыбiр жандардың ыңырсып-қиналғаны темiр есiктердiң қараңғы түбінен талып естіледі. Жүрегiм ерiксiз егiліп келеді. Бiз неге жазықты болдық? Бар кiнәмiз – өз елiмiзді өз ұлтымыздан шыққан адам басқарсын, деп бейбiт шеруге шыққанымыз ба? Санамда сан қилы сұрақтар. Дәлізді бойлап жүріп келемін. Темiрмен торланған көне есiктiң ар жағынан Шәмшiнiң «Менiң Қазақстаным» әнi естiлдi. Кенет жүрегiме қуат құйылғандай болды. Осындай қайсар азаматтары қазағыма деген мақтаныш сезiмi оянды. Қайраттана түстiм. Қандай қиындық көрсем де мойымауға бел будым.

Содан ұзақ-сонар тергеу басталды. Алғашқы күні: «Аты-жөнiң кiм? Мекен-жайың қайда? Қайда тұрасың? Алаңдағы оқиғаға қатысың бар ма? Сол кезде қайда болдың?» деген, әдеттегі сұрақтың астына алды. Уақыт өткен сайын теугеушілер ауыса берді. Менi бiр емес, бiрнеше тергеушi тергедi. Солардың iшiнде Ақкөзев деген фамилия ғана есiмде қалыпты. Тергеу осылай жалғаса бергенде сөзсіз сотталатын едім. Бірақ кездойсоқ жағдай мені құтқарып қалды. Жатақханада бiрге тұратын жiгiттер бiрiгiп, менің атыма телевизор жалға алған еді. «Телевизор жалдаған» мекеме менің паспортымды алып қалып: «институтыңа барып анықтама қағаз әкел де паспортыңда ал» деп, қоя берген-тін. Сол анықтаманы алып, қалтама салып қойғам. Сол «анықтама» қалтамда жүр екен. Содан камерада бірге отырған жігіттер жоспар құрдық: «Бәріміз сотталғанша ебін тауып құтылуды ойлайық. Мейрам сен мына «анықтаманы» көрсетіп, шеруге ешқандай қатысым жоқ, телевизор алуға кетіп бара жатқам» деп тергеушіге жауап бер, деді. Келесi күнi тергеу басталғанда: «Менiң шеруге ешқандай қатысым жоқ. Өз жайымда анықтама қағаз өткiзуге бара жатқанмын. Алаңда жиналған адамдарды көрiп, «не болып жатыр» деген қызығушылықпен барып, қолға түстiм» деуден бiр танбадым. Тергеушiлердiң iшiндегi бiр қазақ менiң айтқанымды тыңдап алды да: «Балам, бұл өтiрiгiң ұйқасты екен, осы сөзiңнен танба» дегені. Ақыры, өтiрiгiм сәттi шығып, қамаудан босадым. Қақпадан шыққан соң денем тiтiркенiп кеттi. Аяғымды iлбiп басып, жатақханаға әрең жеттiм

Осымен тергеу бітті, құтылған шығармын, деп жүргенімде, 1986 жылдың соңғы 31 желтоқсан күні мені қайыра тергеуге шақырған «повестка» келдi. Екінші рет тергеу жаңадан басталды. Баяғы бiр сарынды сұрақтар. Тергеуші қайталаудан жалықпайды, мен өтiрiк айтудан танбаймын. Ақыры айта-айта өз өтiрiгiме өзiм сенетін болдым. Ақыры, өтірігім әшкерелендi. Шеру кезінде түсірілген бейнетаспаларды тергеушілер сүзіп қарап шыққан екен, бір жігіттің мойнына мініп алған қолымда жалынды ұран, айғайды салып мен жүрмін. Не iстеймiн? Бұлтартпас дәлел. Мойындаудан басқа амал жоқ.

Тергеу жүріп жатқан қиын күндердің бірі еді. Әдеттегідей тергеушінің қойған сұрақтарына жауап беріп, кінәмды мойындап отырғам. Сырттан сыптығырлау келген қазақ жігіті кіріп келді. Ол да тергеуші екен. Маған жақсылап тұрып қарап алды да: «Осы сен Қайраттың iнiсi емессiң бе?» дедi. «Иә, Қайраттың iнiсiмiн, ол – менiң ағам»  дедiм. Тергеушi маған ұзақ қарап алды да: «шыға тұр», деп шығарып жiбердi. Өзi мені тергеп отырған тергеушiмен оңаша қалды. Сөйтіп, ойда-жоқта ағамның тергеуші досының көмегі тиіп, аман қалдым. Бәрібір ұран көтерiп, ұрысқа шыққаным iзсiз қалмады. Оқудан шығарып жіберді. Артынан институттағы Рабиға Қаныбаева, Асылбек Ықсанов сынды шарапаты мол жайсаң ұстаздарымның арқасында оқуға қайта қабылданып, аман-есен бітіріп шықтым. Алғашқы еңбек жолымды марқұм Әкпарәлі Әйтібаев құрған жастар театрынан бастап, одан кейін Павлодар қаласында ашылған Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрында жалғастырдым. 1998 жылы Астанаға ат басын бұрдым. Елорданың рухани өміріне біркісідей атсалысып жүрген жайымыз бар.

Желтоқсаншы қайсар Қайсанов қазір өнер қайраткері, танымал әртіс, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалы драма театрында қызмет істеп, 30- дан астам қойылымда негізгі рөлдерді сомдады. Кешегі солдат сүйреген бұйра шашы бүгін бурыл тартқан. Жан жары Гүлмирамен бірге Жапар атты ұлын өсіріп, Арқаның саумал ауасын жұтып, аман-есен жүріп жатыр.