Қорғаныс істері жөніндегі департаменттер Үндістан Ұлттық қорғаныс университетіне қабылдануға кандидаттарды іріктеу жүргізуде. Пуна қаласында орналасқан жалпы әскери академияда білім алуға тілек білдірушілер 15 шілде мен 26 тамыз аралығында жергілікті жердегі әскери комиссиариаттарға баруы тиіс.
Білім алуға арналған квоталар саны шектеулі, академия курсанты атануға барлық үміткерлердің ішінен тек бес қазақстандық мүмкіндік алады.
Барлық кезеңдерден табысты өткен кандидаттар Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне әңгімелесуге шақырылады. Қорғаныс министрлігінің басшылығы бекіткен кандидаттар Үндістан Ұлттық қорғаныс университетіне оқуға кетерге дейін тілдік даярлықтан өту үшін Құрлық әскерлері әскери институтына жіберіледі.
Осы аралықта Қазақстан Қарулы Күштерінде резервистерді даярлау жалғасуда. Семей қаласындағы оқу-жаттығу орталығының базасында лагерьлік жиындардың кезекті кезеңі аяқталып, онда запастағы әскери міндеттілерді даярлау, запастағы сержанттар мен солдаттарды қайта даярлау және олардың әскери білімдерін жетілдіру жүргізілді.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдерінде әскери қызметшілермен жиын өткізу Қазақстан Үкіметінің қаулысына сәйкес жазғы оқу кезеңіндегі республикалық жұмылдыру даярлығы іс-шаралары шеңберінде жүзеге асырылады.
Әскери міндеттілер даярлық барысында әскери білімдерін арттырып, қару-жарақ пен әскери техниканы және оларды ұрыста қолдану тәсілдерін зерделеді, сондай-ақ оларды пайдаланудағы практикалық дағдыларын жетілдірді.
– Әскери міндеттілерді даярлауда негізінен әскери лауазымдар бойынша міндеттерді табысты орындау үшін қажетті қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалану кезіндегі далалық машықтану мен практикалық дағдыларын бойға сіңіруге назар аударылады, – деп атап өтті лагерьлік жиынның басшысы, подполковник Файзолла Досанов.
Жиын барысында әскери бөлімнің офицерлері мен сержанттары запастағы әскери міндеттілермен саптық даярлық, дене даярлығы, жалпы әскери жарғылар бойынша бақтар өткізді. Содан соң әскери міндеттілерді даярлаудың негізгі кезеңі – әскери мамандықтар бойынша даярлау басталды.
Даярлық барысында радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау, инженерлік, әскери-медициналық даярлық, әскери топография сияқты пәндерді де зерделеуге көңіл бөлінеді.
«Егемен-ақпарат».