Атап айтар болсақ, 28 жылда барлығы 245 білім, 126 денсаулық сақтау, 500-ге тарта спорт нысандары жаңадан бой көтеріп, есігін айқара ашқан.
«Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, өңірде 126 медициналық нысан салынды. Қазір жалпы саны 391 денсаулық сақтау ұйымы тұрақты қызмет көрсетеді. Тиісінше саланы қаржыландыру да ондаған есеге артқан. Мәселен, 2000 жылы салаға бөлінген қаржы 2 миллиард теңге болса, ағымдағы жылы ол көрсеткіш 61,4 миллиардқа жетіп отыр», дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов.
Аймақта «Жасыл экономика» бағытындағы жұмыстар да көш ілгері. Бұл сала әсіресе, 2010 жылдан бері қарқын алуда. Қазір күн, су және желден қуат өндіретін 11 электр стансасы жұмыс істеп тұр. Олардың жалпы қуаттылығы 169 мегаватт.
Айта кету керек, қазір жергілікті тұрғындар баламалы энергия көздерінен өндірілетін энергияның 20 процентін тұтынып отыр.
«Бүгінде өңірде тағы бес жобаның құрылысы жүргізілуде. Олардың жалпы құны 118,5 миллиард теңге, қуаттылығы 233 мегаватты құрайтын болады. Екі жобаны биыл жыл соңына дейін іске қосуды жоспарлап отырмыз», дейді облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары Құдайберген Қорғанбаев.
Айта кетейік, Тәуелсіздік жылдары аймақта атқарылған жұмыстарды ауыз толтырып айтуға болады. Айталық, облыс бюджеті соңғы 15 жылда 12 есеге артқан. Биылдың өзінде өңірдің экономикалық көрсеткіші 5 процентке өскен. Өндіріс көлемі 6,5, жеке инвестиция 20 процентке жетті. Биыл жыл басынан бері 430 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.