Қаржы • 19 Желтоқсан, 2019

«Салық әмияны» төлеуді жеңілдетеді

379 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Astana HUB ғимаратында Қаржы министрлігі жүзеге асыратын Open API форматындағы қызметтердің, сондай-ақ «Салық әмияны» жүйесінің алдын ала көрсетілімі өтті.

«Салық әмияны» төлеуді жеңілдетеді

Жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің салық төлеу процесін жеңілдету үшін жүргізілген жұмыс нәтижесінде 2020 жылдың 1 қаңтарында «Салық әмияны» тетігі іске қосылады. Бұл – бір шоттан төлем қабылдау және өңдеу қызметі, салық төлеушінің өтінішінсіз онлайн режімде есепке алу жүйесі. Іс-шара барысында «Салық әмиянының» жұмысымен Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев таныс­тырды.

«Көптеген азамат салық төлеуде қиындықтарға тап болады. Мысалы, салық төлеуші өзіне қажет мыңнан астам деректеменің төртеуін – БСК, СТК, бенефициардың БСН және сомасын көрсетуі керек еді. Олардың біреуінің дұрыс көрсетілмеуі бюджетке төлемнің дұрыс аударылмауына, сәйкесінше айыппұл мен өсімпұлға себеп болатын. Енді Қаржы министрлігінің жүйелі жұмысының арқасында салықты балама түрде «Салық әмиянын» толтыру арқылы төлеуге болады. Бұл қызмет салық төлеушіге оның ағымдағы және алдағы бюджеттік міндеттемелері туралы ақпарат береді. Салық төлеудің деректемелері салық төлеуші көрсетпей-ақ автоматты түрде толтырылады, бұл салықтың кепілді жеткізілуін қамтамасыз етеді», деді Р.Еңсебаев.

«Салық әмиянының» мобильді нұсқасы Мемлекеттік кірістер комитетінің e-Salyq мобильді қосымшасының платформасында жұмыс істейді. egov.kz порталында, желтоқсан айының соңынан бастап «Қазақстан Халық Банкі» АҚ мобильді қосымшасында, 2020 жылдан бастап Kaspi.kz мобильді қосымшасына да енгізілетін болады.

Қаржы министрлігі мән беріп отырған басымдықтардың бірі – қоғам мен бизнесті сапалы мемлекеттік қызметтермен қамтамасыз ету және барынша ашық қызмет ету. Осыған орай «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қызметтерді Open API форматына енгізу, сонымен қатар салық төлеу тәртібін жеңілдететін қызметтерді құру бойынша көптеген жұмыстар атқарылуда.

Бүгінгі таңда электронды мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы мәліметтерді беру бойынша 60-тан астам мемлекеттік қызмет енгізілді. «Электронды қаржы орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Дархан Біржанов электронды мемлекеттік сатып алу порталының және «Ашық бюджет» қызметтерінің бірыңғай қызметі туралы айтты.

«Қазір Электронды мемлекеттік сатып алу порталына 160-тан астам ұйым тіркелген. Жүйеде тапсырыс беру­шілердің тауар жеткізуге, жұмысқа, қызметке сұран­ысы, сатып алу процедуралары, электронды келісім­шарттар жа­сау және олардың орындалуы туралы мәліметтер жариялана­ды», деді Д.Біржанов.

Қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктер, IT-нарық өкіл­дері осы API қызметтеріне қол жеткізді. Олар API дерек­теріне негізделген жеке және заңды тұлғалардың Қаржы ми­нистрлігінің құрылымдық бөлімшелерімен өзара әрекет­те­суін жеңілдетуге көмектесетін жаңа қызметтер ұсынбақ.