27 Шілде, 2013

«Ақтөбе» келесі кезеңге өтті

278 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бейсенбі күні Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінің екінші ойынында «Ақтөбе» өз алаңында Норвегияның «Хедд» клубын 2:0 етіп ұтып, келесі айналымға шықты.

Бұл матч «Ақтөбенің» Еуропа лигасының іріктеу кезеңдеріндегі басқа ойындары сияқты аса тартысты өтті. «Ақтөбе» салған беттен шабуылға шығып, жылдам гол соғып алды. Голды Сергей Давыдов соқты. Екінші таймда да алаң иелері бірнеше рет қауырт шабуылға шығып, есепті еселеуге мүмкіндіктер алды. Сондай сәттердің бірінде Давыдов тағы бір гол соғып, есепті 2:0-ге жеткізді. «Хедд» ойыншылары болса, қарымта шабуыл ұйымдастыруға тырысып, алыстан бірнеше қауіпті соққылар жасап тұрды. Бұл келесі кезеңге шығу үшін матчта норвегтер өз алаңындағы жеңістеріне орай, қарсыласының қақпасына бір ғана доп соғу қажет еді. Бірақ, алаң иелері оларға мұндай мүмкіндікті берген жоқ.

Енді «Ақтөбе» үшінші кезеңде Исландия чемпионатының күміс жүлдегері «Брейдаблик» командасымен кездеседі. Бірінші ойын 1 тамыз күні Ақтөбеде, екінші матч 8 тамызда Коупавогюр қаласында өтеді. Егер ақтөбеліктер бұл команданы да жеңсе, Еуропа лигасының топтық турниріне топ ете түседі. Ал осы күні Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде ойнаған тағы бір командамыз Павлодардың «Ертісі» Босния және Герцоговинада «Широки Бриег» клубынан 0:2 есебімен ұтылып қалды.

Сөйтіп, біздің елден «Шахтер» мен «Ақтөбе» ғана Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының үшінші кезеңіне шықты. Екеуінің де топтық турнирге шығуға мүмкіндігі бар. Ең бастысы, оларға соңғы ойындарындағыдай бар күш-жігерін салып, ойнаса алынбайтын қамал болмайды деп ойлаймыз.

Биылғы Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңдеріне 47 ел қатысып жатса, олардың ішінде Қазақстан әзірше екінші орында келеді. «Шахтер» мен «Ақтөбе» біздің елге тағы ұпай қосты. Бірінші орынды әлі командалары жеңілмеген Исландия иеленіп отыр.

Дастан КЕНЖАЛИН,

«Егемен Қазақстан».