Қазақстан • 19 Желтоқсан, 2019

Нұр-Сұлтанда «Бір әлем – бір өмір» халықаралық жастар балы өтті

199 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордада «Бір әлем – бір өмір» (One world – one life) атты халықаралық жастар балы өтті. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.


Нұр-Сұлтанда «Бір әлем – бір өмір» халықаралық жастар балы өтті

Салтанатты шара барысында сөз сөйлеген қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен Жастар жылында атқарылған жобаларды атап өтті.

«Биыл мемлекет тарапынан жастарға жоғары деңгейде көңіл бөлінді. Олардың білім алуына, жұмыс істеуіне, өзін дамытуына арналған жобалар жүзеге асырылуда. Әкімдіктің ұйытқы болуымен жастар жылының жол картасы бойынша 136 жоба аясында 600-ден астам іс-шара өткізілді. Бүгінгі балл – Нұр-Сұлтан қаласы жастарының барша санатын бір әуен, бір идея аясына жинайтын, жастарымыз асыға күтетін жылдың қорытынды шараларының бірі. Биыл жастар балы әлемнің 9 мемлекетінің белсенді жастарының қатысуымен халықаралық деңгейде ұйымдастырылып отыр», деді ол.

Сондай-ақ  әкім орынбасары Тәуелсіздік күніне қарсы жастарға пәтер табысталғанын да тілге тиек етті.

«14 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беру бағдарламасы іске асырылды. Оның нәтижесі бойынша қаланың жұмыс істейтін жастарына 1050 пәтер табысталды», деді Б. Мәкен.  

Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, биылғы қайырымдылық балл халықаралық деңгейде өтуде, яғни оған Ресей, Қытай, Нигерия, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Украина, Индонезия және Венесуэла елінің өкілдері қатысып жатыр.
7

 

Соңғы жаңалықтар