Салтанатты рәсім барасында Израиль Президенті мен Қазақстан Елшісі екіжақты қарым-қатынастар мен олардың даму перспективаларын, сондай-ақ халықаралық форматтар аясындағы өзара іс-қимылдарды талқылады.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде еврейлерге баспана бергені үшін алғыс білдіре отырып, Р.Ривлин қазақ халқына деген алғыс сезімі израильдықтардың жүрегінде мәңгі сақталады деп сендірді.
Израиль Мемлекетінің басшысы көпұлтты Қазақстандағы толеранттылық пен конфессияаралық келісім саясаты жоғары құрметке лайық және іс жүзінде ксенофобияға, антисемитизмге және басқа да төзімсіздік көріністеріне қарсы тұру қажеттілігінің айқын үлгісі болып табылатынын атап өтті.
Денсаулық сақтау, индустрия, жоғары технологиялар және ноу-хау саласындағы сындарлы және өзара тиімді екіжақты ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалай отырып, Израиль Президенті Қазақ елшісіне бірлескен жоспарлар мен жобаларды іске асыруда табыс тіледі.
Қазақстан халқы мен Президентіне Тәуелсіздік күніне орай құттықтау жолдағаны үшін Израиль Мемлекетінің басшысына алғысын білдіре отырып, С.Бұршақов достық байланыстарды одан әрі нығайту, атап айтқанда екі ел арасындағы сауда және экономикалық кооперацияға қарқын беру үшін барлық күш-жігерін жұмсайтынына кәміл сендірді.
Сөз соңында Р.Ривлин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ең ізгі тілектерін жолдап, Израильге ресми сапармен келуге шақырды.