Медицина • 19 Желтоқсан, 2019

Тәжікстанда Қазақстанның жетекші кардиологтары шеберлік дәрісін өткізеді

164 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Тәжікстанда екі күндік Қазақстан медицинасының күндері басталды. Осы шараның аясында Душанбе қаласында Денсаулық сақтау министрлігі Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының Басқарма төрайымы Роза Қуанышбекова мен көрші елдің Республикалық жүрек-қантамыр хирургиясы ғылыми орталығының директоры Джомахон Рахмонов Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Тәжікстанда Қазақстанның жетекші кардиологтары шеберлік дәрісін өткізеді

Тараптар кардиологияға заманауи технологиялардың енгізілуіне, білім мен дағдылардың кең таралуына, бірлескен ғылыми зерттеулердің орындалуына жағдай жасауға, білім беру бағдарламаларын әзірлеу және жүзеге асыру бойынша тәжірибемен алмасуға, ұйым қызметкерлерінің баяндамалары мен ғылыми мақалаларын жариялай отырып конференциялар, семинарлар, симпозиумдар, шеберлік кластар, дөңгелек үстелдержәне басқа да іс-шараларды бірлесіп ұйымдастыруға келісті.

Қазақстан Республикасының ДСМ Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Жүрек ырғағы және өткізгіштігінің бұзылуы бөлімшесінің басшысы, аритмолог дәрігер, жүрек электрофизиологы Роин Реквава «Пациенттің мүддесі бәрінен де жоғары: қазақстандық медицина» панельді сессиясында жүрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі бар пациенттерді емдеуге арналған имплантталатын қондырғылар туралы айтып берді.

Тәжікстан Республикалық жүрек-қантамыр хирургиясы ғылыми орталығының базасында 20 желтоқсан күні Роин Реквава «Жүрек ырғағының күрделі бұзылысына радиожиілікті аблация жасау» (хирургиялық кесулерсіз жүрек аритмиясын жоғары технологиялық емдеу)тақырыбында шеберлік класын өткізеді.

Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты аритмологиялық интервенциялық араласуларды жасау жөніндегі жетекші орталықтардың бірі болып табылады. Тек 2019 жылдың 11 айында институтта 800-ден астам, ал 3 жылда  – 2500-ден астам операция жасалды.

Бұл ретте, көрші елдерде Медицина күндерін өткізу сияқты шараларды ұйымдастыру республикалардың денсаулық сақтау ұйымдары арасында екі елдің халқына көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімді және сапалы болуы үшін өзара әрекеттестікті кеңейтуге, тәжірибемен, инновациялармен және технологиялармен алмасуға мүмкіндік беретіндігін айта кеткен жөн.