Аймақтар • 20 Желтоқсан, 2019

Жамбыл өңірі өрлеу кезеңінде

914 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осыдан 80 жыл бұрын Жамбыл облысы құрылды. Сол 1939 жылы өңірге ұлы жырау Жамбыл Жабаевтың есімі берілді. Осы оқиғаға орай ақынның «Атыңнан айналайын Әулиеата, атыңды мен алды деп болма қапа», деген әйгілі жыры тарихтан белгілі. Ал екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз қаласы облыс орталығы болып бекітілді.

Жамбыл өңірі өрлеу кезеңінде

Сол уақыттан бері Жамбыл облысы тарихтың тағдырлы кезеңдерінде де өзі­нің болмысын сақтап қалды. Ал еліміз тәуел­сіздік алған жылдардан бергі кезеңде Жамбыл облысы өзінің жаңа тарихи даму жолына түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылы Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келгенде, өңірдің даму барысына оң бағасын берген болатын. Бұл – өңір үшін жоғары баға.

Еліміз егемендік алған жылдардан бас­тап мемлекеттің қолдауымен өңірде өнді­ріс дамып, ауыл шаруашылығы саласы ал­ға басты. Тәуелсіздіктің 28 жылында Жам­был облысында 871 әлеуметтік нысан бой көтерген. Оның ішінде 245 білім, 126 ден­саулық сақтау, 500-ге тарта спорт нысан­дары ел игілігіне берілді. Соңғы 15 жылда облыс бюджетінің 12 есеге артуы да мемлекеттің қолдауының нәтижесінде бо­л­ып отыр. Бүгінде Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен өңір­де көптеген ілкімді істер қолға алынуда. Әсі­ресе жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағ­дайын көтеру басты назарда. Бұл ретте об­лыста жүзеге асып жатқан «Қарапайым зат­тар экономикасын» қарышты дамыту ба­ғы­тындағы қанатқақты жобасы Үкімет үйі­нен қолдау тапты. Облыстың он ауданы­нан бір-бір ауылдан таңдалып алынып, ел тұр­мысын тіктеу бағытында жұмыстар жүр­­­гізілуде. Сонымен қатар жыл басынан бері 430 мың шаршы метр тұрғын үй пай­да­­лануға берілді. Сондай-ақ көп балалы от­басыларға 142 пәтер сатып алуға респуб­ли­ка­­лық бюджеттен 1 миллиард 191,0 миллион теңге қаржы қарастырылып, қазіргі таң­да мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүр­гізілуде. Биыл көп балалы отбасылар үшін Тараз қаласында 8 жатақхана салынуда. Жыл соңына дейін 6 жатақхана пайдалануға берілсе, қалған 2 жатақхана келесі жылы беріледі. Бұдан бөлек, Тараз қаласының сәулеттік келбетін арттыру, аудандар мен ауылдарды көркейту, сол жердегі халықтың талап-тілегін қанағаттандыру мақсатында да көптеген жүйелі жұмыс атқарылуда. Тараз қаласының орталығынан салынып жатқан «Шахристан» кешенінің өзі көне Тараздың заманауи келбетін жасаған айшықты өнер деуге болады. Биыл – Жамбыл облысының 80 жылдығы. Айтулы күнге орай, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен өңір бойынша 80 нысанды ашу жос­парланып отыр. Сонымен қатар Әулиеата өңірінің тарихынан сыр шертетін тұлғалар шығармашылығын қамтыған 80 томдық кітап жарық көрді.

Ел ерсіз болмайды. Қазақтың рухания­ты мен өнеріне өлшеусіз үлес қосқан, мемле­кет­тің дамуына айрықша еңбек сіңірген тұлғалар да Жамбыл облысынан көптеп шықты. Қазақтың көрнекті жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Тарази Жамбыл облысының 80 жылдығына орай, өзінің туған жерге деген ыстық ықыласын жеткізді. «Туған жерім, Жамбыл өңірі менің тағдырымда айрықша орын алады. Әрбір жетістігіне қуанып отырамын. Өзім де Жамбылға жиі барып тұрамын. Туған жер, өскен ел бәрінен қымбат», дейді жазушы. «Жамбыл облысы 80-ге толып отыр. Бұл үлкен мерейтой. Біздің елде еңбекқор, қарапайым халық тұрады. Мен Әулиеатаны, сол жердегі халықты жақсы көремін. Құ­ша­ғыма сыйса, бәрін де құшақтағым келеді», дейді Қазақстанның халық әртісі Тұң­ғышбай әл-Тарази.

Бүгінде Жамбыл өңірі өрлеу кезеңінде. Қазіргі кезде аймақта атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстар соның айғағы. Күн сайын Тараз шаһарының сәулеті артып, аудандар мен ауылдардың бәсі биіктеп келеді.

 

Жамбыл облысы