Аймақтар • 20 Желтоқсан, 2019

«Қордай» өткізу бекеті уақытша жабылады

422 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Шекара қызметі күрделі жөндеу жұмыстарының жүруіне байланысты келесі жылы 20 қаңтардан бастап «Қордай» шекаралық өткізу пунктін уақытша жабуды жоспарлап отыр.

«Қордай» өткізу бекеті уақытша жабылады

Бұл мақсатқа қажетті қаржы да бөлініп, тиісті мердігер компания жұмыстарды 2020 жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлауда. Аталған мәселеге орай, Жамбыл облысының Қордай ауданында Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Парламент депутаттары және тиісті сала басшылары кездесті.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко, Мәжіліс депутаттары Серік Құсайынов, Шаймардан Нұрымов, Юрий Тимощенко, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары, шекара қызметінің директоры, генерал-майор Дархан Ділманов, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері Қордай ауданында болып, бірқатар маңызды кездесулерге қатысты. Аталған қазақстандық лауазымды топ әуелі Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календеров пен Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөлемен бірге «Сортөбе» пунктінде болды. Мұнда шекарашылар келушілерге пункттің қазіргі әлеуеті мен жұмысы жайында мәлімет берді. Бұл ретте аудан әкімі Болатбек Байтөле «Қордай» өткізу пунктінің күрделі жөндеуге жабылуына байланысты өзге пункттерге қосымша күш түсетінін ескеріп, аудан әкімдігі тарапынан бірқатар жағдайлардың жасалғанын айтты. Сонымен қатар, адамдарды өзге пункттерге тасымалдау мақсатында арнайы көліктер ұйымдастырылғанын да мәлімдеді. Бұдан кейін лауазымды тұлғалар ауданның «Ауқатты» және «Қарасу» өткізу пункттеріне барып, содан соң «Қордай» өткізу пунктінде Қырғыз Республикасы Парламенті Жогорку Кенешінің депутаттарымен кездесті. Кездесуге көрші мемлекет тарапынан Қырғыз Республикасы Парламенті Жогорку Кенеші төрағасының орынбасары Мирлан Бакиров, Жогорку Кенеш депутаттары Алмазбек Эргешов, Гүлшат Асылбаева, Абдывахап Нурбаев, Қырғыз Республикасы мемлекеттік шекара қызметі төрағасының бірінші орынбасары Абдыкерим Алимбаев, Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Нуран Ниязалиев және Қырғыз Республикасы экономика министрінің орынбасары Автандил Алыбаев келді.

Екіжақты кездесу барысында халық қалаулылары «Қордай» өткізу пункті жөндеу жұмысына жабылғанға дейін көрші Қырғыз елімен арадағы негізгі шекаралық бақылау-өткізу бекеттерін жөнге келтіру жайын әңгімеледі. Сонымен қатар, екі ел депутаттарының арасында «Сортөбе» және «Ауқатты» автомобиль өткізу пункттерін көпжақты халықаралыққа ауыстыру туралы мәселе көтеріліп, алдағы уақытта барлық транзиттік жол көліктері аталған екі бекет арқылы өтетіндігі жөнінде айтылды. Кездесуде сондай-ақ, «Қарасу», «Сортөбе» және «Ауқатты» бақылау бекеттеріндегі шекара арқылы өтушілерге арналған бақылау кабиналарын көбейту, қазақ пен қырғыз арасындағы шекара сызығында орналасқан көпірді қайта жөндеуден өткізу, оны кеңейту сияқты өзекті мәселелер де көтерілді. Өз сөзінде Владимир Божко екіжақты кездесудің аса маңызды екенін атап өтіп, Қазақстан бойынша ең ірі шекаралық өткізу пунктінің бірінен саналатын «Қордай» бақылау бекетінің күрделі жөндеуге жабылуы ең әуелі екі ел халқының ыңғайлылығы үшін жасалып отырған қадам екенін айтты. Ал, Дархан Ділманов бүгінгі таңдағы дайындық жұмыстары туралы айта келе, Қордай ауданында орналасқан өзге де өткізу пункттерінің көп халық пен көлік нөпіріне төтеп беруі үшін қолға алынуы тиіс бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Бұл ретте қырғызстандық тарап жуырда ғана Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республикасына жұмыс сапары барысында бірқатар өзекті мәселелердің шешілгенін айтып, бүгінде шекаралық мәселелер бойынша екі елдің жасаған келісімдері аясында жемісті еңбек етіп келе жатқандарына тоқталды. Сонымен қатар, Қырғыз Республикасының өкілдері өздерінің де бірқатар ұсыныстарын жеткізіп, ортақ мәселелерді бірлесіп шешуге дайын екендіктерін білдірді. Жиын барысында екі ел депутаттарының ұсыныстары хаттамаға енгізіліп, Үкіметке жолданатын болды.

 

Жамбыл облысы