Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің Бірінші отырысы 2019 жылғы 6 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен еді.
Президент алқалы жиынның басында өз Жолдауында халықтың талап-тілегі ескерілгенін, елдің алдағы даму бағдарын айқындаған басты құжатта көрсетілген бастамаларды осы Ұлттық кеңес шеңберінде пысықтауға және дамытуға болатынын айтты.
– Еліміз үшін осындай сындарлы пікір алмасу алаңы өте қажет. Бүкіл қоғам біздің жұмысымызды жіті бақылап отыр. Бәріміз өзекті мәселелерді кеңінен талқылап, нақты ұсыныстарды әзірлеуіміз керек. Президент ретінде тиісті шешімдер қабылдар кезде сол ұсыныстарды қаперде ұстаймын. Ұлттық кеңестегі жұмыс бағытымыз бірқатар оң факторға негізделген. Біріншіден, пікір алуандығы. Бұл кеңесте әртүрлі әлеуметтік және кәсіби топтар, сонымен қатар экономикалық, саяси көзқарастар мен ұстанымдардың кең ауқымды спекторы шоғырланған. Екіншіден, қоғамдық диалогты институттау. Біздің жұмыла жұмыс істеуіміз үшін барлық жағдай жасалған. Үшіншіден, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған жаңғыру үдерісін «бір ел, бір халық» болып жалғастыру, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиын барысында кеңес мүшелері қозғаған қордаланған мәселе мен көкейге қонымды ұсыныстарды байыппен тыңдап болған соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысын қорытындылады.
– Ұлттық кеңес мүшелерінің интеллектуалдық деңгейі өте жоғары. Сондықтан бүгін өте тиімді, қызықты ұсыныстарды тыңдадық. Жалпы, бұл ұсыныстарды мен қолдаймын. Келешекте амандық болса, бәріміз бір ұжым болып, іске асырамыз деп ойлаймын. Біз үшін ең құнды мақсат-міндет, ұғым – бұл еліміз, мемлекеттілік. Бәріміз Отанымызды сүйеміз. Бірақ жай ұрандар тастамай, нақты қадамдар жасауымыз керек. Осында айтылған пікірлердің көбімен келісуге болады. Оларды бір құжатқа жинап, сараптама жасап, тез арада іске асыруымыз керек. Алдағы уақытта осы ортада басқа да азаматтардың сөзіне құлақ түреміз, – деді Президент.