Президент • 20 Желтоқсан, 2019

Қасым-Жомарт Тоқаев: Жерді игере алатын адам ғана оның иесі болуға лайық

516 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық кеңестің екінші отырысында жерді тиімді пайдалану мәселесін сөз етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Жерді игере алатын адам ғана оның иесі болуға лайық

«Көкейкесті мәселенің бірі – жер және оны тиімді пайдалануға қатысты. Жақында Ақмола облысына жасаған сапарымда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді тиімсіз пайдалану жайын байқадым. Бұл бағытта менің ұстанымым бекем. Жерді игере алатын адам ғана оның иесі болуға лайық», деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, жердің тиімсіз пайдаланып жатқанын анықтау өте қиын. Сондықтан заманауи технологиялар арқылы бақылау енгізілетін болады.

«Ауыл шаруашылығын тиімді пайдалану мәселесін заманауи технологиялар арқылы бақылауды енгізу керектігі көрініп тұр. Ұлттық комиссия мүшелері пайдаланылмай жатқан және тиімсіз пайдаланылып жатқан жерді бақылау үшін ғарыштық мониторингке көшудің қажеттігін атап өтті. Қазан айында мен жерді қашықтықтан бақылау үшін агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері жөнінде заңға қол қойдым. Бірінші қадам нақты заңнамалық негіз болды. Енді ғарыштық суреттер арқылы жер иесімен шартты бұзу мүмкін болады», деді Қ.Тоқаев.

Сондай-ақ Президент жерді сот арқылы алып қоюдың тиімді және жедел тетіктерін қарастыру маңыздылығын айтты.

«Игерілмей жатқан жер телімін қайтарып алу кезінде істі созбалаңға салудың түрлі амал-айласы, өкінішке қарай, орын алатыны болды. Осындай жағдайда жерді ешкім пайдалана алмай, бос қалады», деді Қ.Тоқаев.