Аймақтар • 20 Желтоқсан, 2019

Орал театры жүлдегерлерін салтанатпен қарсы алды

376 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театының бір топ қызметкері Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан театрлар қауымдастығы ұйымдастырған салтанатты кеште жоғары марапатқа ие болды. Астанадан абыроймен оралған әріптестерін оралдық театр ұжымы әуежайдан үлкен құрметпен қарсы алды.

Орал театры жүлдегерлерін салтанатпен қарсы алды

«Сахнагер - 2019» Ұлттық театр сыйлығымен марапаттау шарасына Орал театрынан үш адам шақырылған болатын. Соның бірі – ұжымның ардагері, Қазақ ССР-і Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, күні кеше ғана Президент Жарлығымен «Парасат» орденімен марапатталған Сердеш Қажымұратов «Театр өнерінің дамуына қосқан ерекше үлесі үшін» номинациясы бойынша марапатталып, 500 мың теңгелік сертификатқа ие болды.

Ал «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері Ержан Қажымовты шараны ұйымдастырушылар еліміздегі «Ең үздік дыбыс режиссері» деген атаққа лайық көріп, 1 миллион теңгелік сыйақымен марапаттады. Ал болашағынан үміт күттіретін жастарға берілетін «Үміт» сыйлығы (150 мың теңге) «Өнер саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Наргиз Шадыеваға бұйырды.

Еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік мейрамы тұсында Елордада еленіп, жоғары жүлдеге ие болған әріптестерін Хадиша театрының ұжымы әуежайдан салтанатпен қарсы алды. Айта кетерлік жәйт – Орал театры тұңғыш қойылымын 1993 жылы дәл осы Тәуелсіздік мерекесі тұсында көрерменге ұсынған болатын.

 

Батыс Қазақстан