Аймақтар • 20 Желтоқсан, 2019

Қ. Жұбановқа арналған халықаралық конференция өтті

538 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Ұлы дала тұлғалары: Жұбановтар тағылымы және жазу реформасына» арналған халықаралық конференция өтті.

Қ. Жұбановқа арналған халықаралық конференция өтті

Қазақ тіл білімінің ғылыми-теориялық негізін салушы, тұңғыш профессор, ағартушы-ғалым, аса көрнекті қоғам қайраткері Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың туғанына 120 жыл және ғалымның ұлы филология ғылымдарының докторы, профессор Есет Жұбановтың 90 жасқа толуына арналған  «Ұлы дала тұлғалары: жұбановтар тағылымы және жазу реформасы» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Конференцияны Білім және ғылым министрлігі А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті және Еуразия ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырды.

Конференцияда Құдайберген және Есет Жұбановтардың ғылыми зерттеулерінің басты бағыттарына қатысты қазақ тіл білімінің және жазу реформасының өзекті мәселелері қарастырылды.

Ақтөбе өңірінің ағартушысы, мәдениет және қоғам қайраткері, қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштарының бірі бола жүріп, қазақ филологиясының тұңғыш профессоры Құдайберген Жұбанов еңбектеріне тоқталған мамандар, ғалымның қызмет жолына қатысты кең тұрғыдағы мәліметтермен бөлісті.  ҚазПИ-де лекция оқып, кафедра меңгеруші, кейін декан қызметтерін атқара жүріп, КСРО Ғылым академиясына Қазақ филиалының лингвистика секторының меңгерушісі (қазіргі Тіл білімі институты), «Қазақ тілінің академиялық сөздігінің» бас редакторы, Қазақ КСР Халық ағарту комиссариаты жанындағы Методика, программа, оқу құралдары секторының меңгерушісі, Мемлекеттік термин комиссиясының төрағасы, термин комиссиясы бюллетенінің редакторы, «Ауыл мұғалімі» журналының бас редакторы, Халық ағарту комиссариаты коллегиясының мүшесі, Ұлттар мәдениеті институты Ғылыми кеңесінің мүшесі болып, бірнеше жұмысты бірдей атқарған ғалым. Бірнеше ғылыми зерттеу институтының басшылары атқаратын міндетті Қ.Жұбановтың бір өзінің арқалауы ғалымның өз халқы үшін жан аямай еңбек етуі болса, екінші жағынан, ол кезде Қ.Жұбановтай оқыған әрі тума таланттардың тапшылығынан да деуге болар.

«...1937 жылдың күзінен 1957 жылдың күзіне дейін жиырма жыл бойы нақақ қараланып, аты аталмай келген ғалымның жоғын іздеуге, оны халқына қайта табыстыруға мұрындық болған елеулі бір үндеу академиктер М.Әуезов пен І.Кеңесбаевтың «Қазақ лингвистикасының негізін салушы» («Основоположник казахской лингвистики») атты мақаласы болды.

Қ.Жұбановты қайта тану ісін оның туған інісі, академик Ахмет Жұбанов, академик М.Қаратаев, А.Ысқақов, Ғ.Мұсабаев, М.Балақаев, Р.Сыздық, Ә.Қайдар және т.б. бастап, ғылымдағы жас буын одан әрі жалғастырды. Алғашында қазақ тіл білімінің негізін қалаушының бірі деп аталған Қ.Жұбановтың кейіннен сол ғылымның теориялық негізін салған бірегей оқымысты екені анықталды. Одан әрі Қ.Жұбановтың тек қазақ тілінің аясымен шектелмей, ана тіліміздің тарихын зерделеу арқылы түркология әлеміне қалам сілтеген ғалым екені де мойындалды. Зерттеу жұмыстары одан әрі тереңдей түскенде Қ.Жұбановтың тек түркология аясында ғана қалып қойған зерттеуші емес, әлемдік тіл біліміне де құлаш ұрып, үндіеуропа тіл білімі мен шығыстануды, яғни ориенталистиканы ұштастыра білген ғалым екендігі дәлелденді.

Осы орайда қазақ тілін зерттеуге атсалысқан ғалымдарды құрмет тұтып, ұлықтаудан танбаған А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Қазақстан Республикасының БҒМ Ғылым комитетінің тапсырысымен «Ұлы дала тұлғалары» атты кітаптар топтамасын дайындауды қолға алды.

«Ұлы дала тұлғалары» атты сериямен дайындалған Қ.Жұбановқа арналған бұл кітаптың (Жауапты редакторлар: филол.ғ.д., профессор А.Қ.Жұбанов, филол.ғ.к., доцент С.Құлманов) «Өмір өткелдері» атты бірінші тарауында зейінді шәкірттің жігерлі жұмысының арқасында тұңғыш аспирант, профессор атануына, тұғырлы тұлға ретінде қалыптасуына тамыры тереңде жатқан тектілігі мен ағартушы әкенің себеп болғандығы баяндалып, қайраткер қызметі құжаттар тілімен сөйлетілді. Аталған тарауды жазу барысында алғашқы жұбановтанушы, академик Р.Сыздықтың және К.Кенжебаев пен Ә.Оралбайдың еңбектері пайдаланылды.

Профессор Қ.Жұбановтың қазақ тілін зерттеуге қатысты салаларына қосқан үлесінің бүгінгі күні қазақ тіл біліміндегі ғылыми құндылығы мен маңызы бұл еңбекте қазіргі лингвистиканың даму деңгейі тұрғысынан зерделенді. Әсіресе, Қ.Жұбановтың 1929 жылғы латын қарпіне негізделген әліпбиге бірқатар өзгерістер енгізіп, қазақ жазуын жетілдіруді, оны жұршылыққа тез меңгертіп, сауаттандыруды мақсат еткен әрекеті өзінің өміршеңдігін танытып, бүгінгі таңда тілші қауымның ғана емес, жалпы қоғамның жұмыла қатысатын мемлекеттік деңгейдегі ісіне айналып отыр.