Аймақтар • 20 Желтоқсан, 2019

Қала әкімі Алматының Алмалы ауданы тұрғындарымен кездесті

288 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алмалы ауданының тұрғындары ПИК-тердің және монополистердің жұмыстарына шағымданды, сонымен қатар, экологияны жақсарту, қалада өмір сүру үшін жайлы жағдайлар жасау жөнінде пайдалы ұсыныстар айтты.

Қала әкімі Алматының Алмалы ауданы тұрғындарымен кездесті

Бақытжан Сағынтаев «Еркін микрофон» форматында Алмалы ауданының тұрғындарымен екінші мәрте кездесуін өткізді. Ағымдағы жылдың 28 тамызында өткен алғашқы кездесуде әкім тұрғындардың жүзге жуық сұрақтарына жауап беріп, шешілу жолдарына қатысты деректермен бөліскен болатын.

Қала әкімдігінің Баспасөз қызметі мәліметі бойынша, 1932 жылы құрылған Алмалы ауданы мәдени және қоғамдық өмірдің тарихи орталығы болып саналады. Ауданда сумен, жылумен, кәрізбен және электрмен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілген дегенмен урбанистика және жайлы орта мәселелері әлі де өзекті болып табылады.

Ауданда тағы 18 км тротуар салу және халықтың мүмкіндігі шектеулі тобы үшін 28 км жолды реконструкциялау қажет. 26 учаске маңына сыртқы жарық орнатылады, сонымен қатар 49 аула аймағы мен 68 көшеге қосымша жарық беріледі.

Полицияның жаңа сервистік жұмысының арқасында ауданда адамдар көп жиналатын орындар мен стихиялы сауда учаскелеріне полицияның үш модульді постысы қойылды, олардың көмегіне 175 тұрғын жүгінген.

2016-2017 жылдары жөнделген аула ішіндегі аймақтардағы балалар және спорт алаңдарын қайта қалпына келтіру қиынға соғуда. Сол кезде салынған 221 ауладағы спорт және ойын алаңдары келер жылы жөнделеді. Ауданда келер жылы 192 аула жөнделеді, қалған 52 аула 2021 жылы жаңарады.

Жеке инвесторлардың көмегімен ескі үйлердің проблемасы шешілуде, ағымдағы жылы ауданда 7 ескі үй сүрілген, 52 отбасы баспанасын жақсартқан. Жалпы, осы мәселені ұтымды шешу үшін қалалықтардың белсенділік танытулары және инвестор ұсынған нұсқа бойынша бірауыздан шешім қабылдағандары жөн.

Оқушы орнының тапшылығын жою үшін Райымбек даңғылы мен Тілендиев көшесі бойында 1000 орынды мектеп салу жоспарланған. Айта кетерлігі, келер жылы №144 мектеп-гимназия жанынан қосалқы нысан салу үшін құжаттар әзірленуде.

Кездесуде ПИК-тердің жұмысына және «Алматытелеком» компаниясының байланыс қызметіне көп шағым айтылды. Дегенмен, тұрғындар экология мен жасылдандыруды жақсарту, оның ішінде шырша бағын бөлу бойынша ұсыныстарын айтты. Сонымен қатар, тұрғындар көшелердегі қоқыс жәшіктерінің аздығына, парктер мен көңіл көтеретін орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге назар аударды.

Аудан тұрғындарын қоғамдық көліктің жұмысы да толғандырады. Алматы әкімі Б. Сағынтаев автобустар тапшылығы қала және жеке автопарктер есебінен толығатынын атап өтті. Троллейбустар қозғалысына да еш шектеу болмайтынын айтқан Б. Сағынтаев  келесі жылы байланыс желілері мен инфрақұрылымының жаңаратынын айтты. Кездесу барысында әкім тұрғындарды қала өмірін жақсартуға белсенді болуға шақырды.