Үкімет • 20 Желтоқсан, 2019

Қазақ-қырғыз шекарасындағы өткізу бекеттерінің жұмысы қаралды

145 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісі депутаттарынан құралған делегация ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің, «QazAvtoJol» ҰК» АҚ өкілдерімен, сондай-ақ Шекара қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп, қазақ-қырғыз шекарасындағы өткізу бекеттерінде болып қайтты. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақ-қырғыз шекарасындағы өткізу бекеттерінің жұмысы қаралды

Халық қалаулылары  «Сортөбе», «Ауқатты», «Қарасу» және «Қордай» өткізу бекеттерінің инфрақұрылымымен, материалдық базасымен, шекаралық қызмет қызметкерлерінің жұмысымен танысты. Қазақ-қырғыз шекарасында барлығы 7 өткізу бекеті жұмыс істейді. Олардың өткізу қабілеттілігін арттыру мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бекеттерді жаңғыртуға, реконструкциялауға, сондай-ақ, бекетке кіру жолдарын кеңейтуге, өткізу бекетінің маңайындағы аумақтарды абаттандыруға бағытталған жұмыстарды жүргізіп жатыр. Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақовтың айтуына қарағанда, Қазақстан Республикасының ИИДМ өткізу бекетінің жүктемесін ескере, Шекара қызметімен бірлесіп жоғарыда аталған нысандарды 2020-2025 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жаңғыртуды жоспарлауда.

«Бүгінгі таңда мердігер ұйыммен «Қордай» өткізу бекетін реконструкциялау жөніндегі келісім жасалып, дайындық жұмыстары («ДорСтрой» ЖШС) жүргізілуде. Жоба жоспарға сәйкес келесі жылы аяқталады. Сонымен қатар, осы жылдың 27 қарашасындағы Қазақстан мен Қырғызстанның Мемлекет басшыларының екіжақты кездесуінде Шу өзені арқылы өтетін «Қарасу» мен Ақ тілек» өткізу бекеттерінің аралығындағы көпірлерді қалпына келтіру бойынша бірлескен шаралар туралы келісімге қол қойылған болатын» деп атап өтті ол. 

Келісім аясында 2020 жылы көлік құралдары мен жаяу жүргіншілерге арналған қозғалыс жолақтарының санын арттыра отырып, көпірлерді қалпына келтіру жөніндегі жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді деп жоспарлануда. Жоба 2021 жылға дейін аяқталмақ. «Қарасу» өткізу бекетінің өзін реконструкциялау жұмыстары 2020-2021 жылдары жүзеге асырылады деп жоспарланған. Сондай-ақ, кеңес барысында Мәжіліс депутаттарына «Сортөбе» және «Ауқатты» өткізу бекеттеріне «көпжақты халықаралық өткізу бекеті» мәртебесін беруге қатысты қандай жұмыстардың қолға алынғандығы туралы баяндама жасалды. Бүгінгі таңда «Кеген» өткізу бекетінің жұмыс режимін өзгерту және «Бесағаш» өткізу бекетінің жұмысын жаңарту жөніндегі мәселелер қаралып жатыр.