Үстіміздегі жылғы шілденің 2-сінде Байқоңыр ғарыш айлағынан көк жүзіне енді көтеріле берген кезінде «Протон-М» зымыран тасығышы жерге құлдилап құлады. Нәтижесінде жаңғырығы зор жарылыс орын алды. Құлаған ракета жерге өзімен бірге 600 тонналық гидразинді жанар-жағар майын ала түсті. Ал осы отынның құрамындағы гептилден пайда болған улы бұлт бірден ауаға жайылып, жер-көкті әлемтапырық етті. Сол кезде мұның адам ағзасы мен қоршаған орта үшін аса қауіпті зарарлы зат екенін Ресей мен Қазақстанның барлық бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды.
Міне, содан бері айға жуық уақыт өтті. Осы мезгілге дейін жоғары жақтан Байқоңыр маңайындағы жұрттың жағдайын сұрап, бір лауазымды тұлға барған жоқ. Еліміздің бас санитары Жандарбек Бекішевтен басқа. Оның өзі де бөз орнына сөз беретін жаттанды әуеннен арылмай, жамағатты жұбатқансыған болғаннан арыға аса алмады. Соңында біздің тілшіміздің өз балаларын Байқоңырға жіберер-жібермесі жайлы қойған нақты сұрағына: «Ешқашанда!» деп адалын айтып, мұндағы ахуалдың ақиқатында да адам алаңдарлық екенін анық аңғартып өтті.
Ал Астананың төрінде отырып алып, төрелік білдіруге тәуекелі жүрген еліміз ғарыш агенттінің төрағасы Талғат Мұсабаевтың осы оқиғаға байланысты айтқан сөздері қалың қауымды тәлкек еткендей болып естілді. Сол күні қай жағымен тұрғаны өзіне мәлім, «Құқықтық жағынан келсек, зымыранның құлауы апат болып саналмайды. Себебі, зымыран Ресейдің Қазақстаннан жалға алған аумағына құлады. Зымыран бөлшектері Байқоңырдағы «81» және «200» алаңдарының ортасына түскен. Бұл – «Роскосмостың» ішкі шаруасы», деп соқты ол. Мұны естияр кісінің ережелі уәжі деу қиын. Сонда «жалға алған аумақтың» маңында кімдер отыр екен? Қазақстан ғарыш көгі мекемесінің тұтқасын ұстап отырған тұлға тіпті мәселенің осы жағына да мән бермеген болып шықты ғой. Әлде біздің «нөмірі екінші ғарышкеріміз» зымыран тасығыш «Ресей жалға алған аумақта» құлағандықтан, оның жарылысынан пайда болған гептилдің улы бұлты аспан әлемінің былайғы жұрт біле қоймайтын құпия ағысымен Рязань мен Тверь ормандарының үстіне барып, үйіріліп тұра қалады деп есептей ме? Сосын тіпті, «қай жағынан келгенде» де, зымыранның құлауы апат болмағанда, не болмақ? Жоқ, мұны кезекті бір толайым табысқа жатқызуымыз керек пе?
Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров осы күндері бұдан да ары кетті. Оқиға болған бойда сонда жетіп келуге тиісті лауазым иесі ай бойына Сырдың бойындағы барша ағайынды «әні, барамын, міне, барамынмен-ақ» шаршатып бітті. Бұл туралы біздің Қызылорда облысындағы тілшіміз Ержан Байтілес соңғы күндерде ғана бір емес, екі рет егжей-тегжейлі еңсере жазды («Егемен Қазақстан»: «Келемін деп еді, келмеді», 25 шілде; «Қайсысы қымбат: адам ба, айлақ па?», 26 шілде). Еститін құлақ болса, жарияланымдарда біраз шындықтың шырқыры жатыр еді. Авария орын алғалы бергі өткен үш аптаның ішінде мемлекеттік органдар өкілдерінің космодромға ат ізін де салмағаны туралы белгілі журналист Нұртөре Жүсіп те саналыны сары уайымға бөктіріп қоятындай етіп-ақ ақтарыла-төгіле қалам тербеді («Айқын»: «Қазақтың төрі – Қорқыттың көрі», 26 шілде). Бірақ аты аталған жақтан әлі күнге аттандап келген ешкімнің дыбысы естілмейді. Баяғы жартас – бір жартас...
Бұл не, «жазбасаңдар, неге жамырап кетпейсіңдер» деген астамшылықтың жатбауыр салқыны ма, әлде айтатын ештеңе болмағандықтан, ұялған адамның кейпін киюшіліктің кебі ме? Бұдан тағы бір байқалатыны, «Протон» деген тылсым тажал Байқоңырдың даласында жыл сайын дерлік құлай беруі арқылы өзінің осында тұрақты тіркелімге еніп, мұндағы елмен біте-қайнасып кеткенін көпшіліктің көкейіне әбден сіңіріп жіберген сияқты. Бұл хақында сәл кейінірек сөз етеміз. Ал әзірге осы жолдарды жазар алдында біз Ресейдің «Химиялық қауіпсіздік үшін» одағының президенті, химия ғылымдарының докторы Лев Федоровтың «Экология и право» журналының 2003 жылғы 6-нөмірінде жарық көрген «Ғарыш» әскерилері әңгімеге құштар емес» деген мақаласын тауып оқығанымызды айтайық. Онда сол жылдары Ресейдің Амур облысындағы «Свободный», Архангельск облысындағы «Плицеск» космодромдарынан гептил отынымен ұшырылып жатқан зымырандардың айналаға келтіріп жүрген орасан зор залалдары жөнінде біраз орнықты ойдың арқауы тарқатылыпты. Ғал ым аталмыш элементтің «экологиялық жағынан өте қауіпті» екенін айта келіп, «кең ауқымды ракета белсенділігі үдерісінде бұл факторды ескермеудің мүмкін еместігін» атап өтеді. «Гептил – қауіптілігі бірінші кезекке жататын өте жоғары уытты зат. Білетін адамдар ондағы уытты удың қуаты ніл қышқылынан алты есе күшті екенін айтады. Стратегиялық зымырандардың ұшырғыш сатылары ажыраған кезде одан ұшқан гептил қоршаған ортаға тарайды. Бірақ ол қазір жекелеген армия өкілдерінің қалап жүргеніндей, тез арада ауаға сіңіп, жоқ болып кете салмайды. Мұны түсіну үшін «Ресей Федерациясындағы қоршаған ортаның 1995 жылғы ахуалы туралы» деп аталатын мемлекеттік баяндамаға көз жүгірту жетіп жатыр», - деп жазады ол. Ал баяндамада, мәселен, «Плисецк» полигонынан ұшырылған зымыранның соңында топырақ қабатына әр жолы гептилдің 268,4 мг/кг көлеміне дейінгі шоғыры келіп түсетіні ашық айтылыпты. Ресей оқымыстысы сонымен бірге, соңғы 5-23 жылдың беделіндегі ракета отыны құлаған аумақтарды аудара қарап, ақтара тексергенде, олардағы улы заттардың 20 жылдан астам уақытқа дейін сақталып қала беретініне көздері жеткенін де қалам ұшына іліктіріпті. Және мұның бәрі ешқандай да авария болмаған, зымыран сәтті ұшырылған кездердегі көрініс. Демек, апат орын алған жағдайда гептил концентратының бұдан әлдеқайда жоғары болып шығатыны айтпаса да түсінікті шығар. Осының бәрі Т.Мұсабаевтың: «Аталмыш ахуалды бақылаған мамандардың мәліметтері бойынша, зиянды құрамдас – гептил мен амилдің толық жанып кетуіне апарып соқтырған жарылыс болды, осылайша биікке жердің шаңы бөлшегімен араласып кеткен азот тотығының бұлты көтерілді», деген сөзінің қара бақыр құрлы құны жоқ екенін дәлелдей түседі.
Ары қарай кеттік. Академик Лев Федоров «осы уақытқа дейін миллиондаған ресейліктердің гептилдің микро-дозасына уланып үлгергенін» алға тарта келіп, мемлекет жерінің жартысының ластанып біткеніне қатты алаңдаушылық білдіреді. Жоғарыда аталған екі айлақтан көк жүзіне жол тартқан зымырандардың соңында қалатын итергіш сатылардан төгілген гептилдер бұдан он жыл мерзім бұрын-ақ Ресейдің Якутия республикасы, Алтай және Кемеров өлкелері, Амур, Төмен және Томь облыстары төңіректерін түгел бүлдіріп біткенге ұқсайды. Сондықтан ғалым бұл мәселеге биік мемлекеттік тұрғыда қарауды ұсыныпты. Бірақ біздің теріскейдегі көршілеріміз бұл дабылдан титтей де қорытынды шығармаған сыңайлы. Шығармағаны сол, содан бергі өткен он жылда Ресей ғарыш агенттігі басшылары басқан ізіне шөп шықпайтын гептилді қолданудан бас тартуды ойластырған да емес. Керісінше, осы аралықта екі елдің аспанында жарылған запыранды зымырандардың қатары бірте-бірте көбейіп келе жатқаны анық аңғарылады. Мұның орнына кезекті апат орын алғаннан кейін «Роскосмос» басшылары жұрттың көңілін басқа жаққа аудару үшін ақылға қонбайтын қайдағы бір идеяларды шығара қоятын болып жүр. Айталық. олар 2012 жылдың қарсаңында Марсты игеру деген құрғақ қиялға құрық тастады. Бұған 2010 жылдан бастап «Протон-М» зымыран тасығыштарының бірнеше рет елеулі аварияларға ұшырағаны нақты себеп болған сияқты. Соның кейінгілерінің бірі 2012 жылғы 7 тамызда тіркелді. Апаттың салдарынан Ресейдің «Экспресс-МД2» және «Telkom-3» деп аталатын спутниктері орбитаға жете алмады. Бұл соңғы 20 айдың көлемінде жетінші рет қайталанып отырған жарылыс еді. Осы сүргін нәтижесінде Ресей 8 спутнигімен қоса, Марсқа бағытталған «Фобос-Грунт» ғарыштық стансасынан және «Прогресс М-12М» жүк кемесінен айрылып қалды. Соңғы 15 жыл ішінде осылайша бірінші рет Ресейдің планетааралық экспедициясы сапары сәтсіз аяқталды. Осыдан кейін Ресей ғарыш агенттігінің басшысы... Айға адам ұшырудың қолға алынғалы жатқанын айтып, жарияға жар салды. Мұның бәрі қазір бұл елдің ғарыш саласында терең тұйыққа, үлкен тығырықа тіреліп отырғанын анық аңғартады.
Бұл жерде бүгінгі дәуірдегі ахуалды кеңестік кезеңдегі космосты игеру жүйесінде орын алған апаттар санымен салыстыра қараудың еш қисыны жоқ. Себебі, Байқоңырдан бірінші мәрте 1965 жылдан ұшырыла бастаған «Протон» зымыран тасығышының бастапқы жобалық қалпындағы кейпі мен кейінгі түрлі космос жабдықтары арқылы ұшырылатын мезгілі арасында аспан мен жердей айырмашылық бар. Бүгінде кездейсоқ кедергілер кездеспеуі үшін оның ұшу өрісінің барлық жолдары мен бағыттары алдын ала әбден с