Руханият • 23 Желтоқсан, 2019

Алматыда Бибігүл Төлегенованың мерейтойына арналған кеш өтті

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында КСРО Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, «Барыс» орденінің иегері, академик Бибігүл Төлегенованың 90 жылдығына арналған шығармашылық кеш өтті. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.  

Алматыда Бибігүл Төлегенованың мерейтойына арналған кеш өтті

Концертте мерейтой иесімен бірге халықаралық конкурстардың лауреаты Елена Заремба (Люксембург), Өзбекстанның халық әртісі, Бибігүл Төлегенова атындағы Халықаралық вокалистер конкурсының гран-при иегері Рамиз Усманов (Өзбекстан), сондай- ақ Бибігүл Төлегенова атындағы Халықаралық вокалистер конкурсының лауреаттары мен шәкірттері Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен (дирижері Ерболат Ахмедьяров) әуелете ән салып, өнерсүйер көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады.

Қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенованың 90 жылдығына арналған шығармашылық кешке Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова да қатысып, жүрекжарды құттықтауын жеткізді.

- Осыдан тура 19 күн бұрын еліміздің ордасы, Нұр-Сұлтан қаласында тамаша кеш бердіңіз. Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған «Астана Опера» театрында өткен мерекелік шарада қазақстандық танымал опера әншілері, ізбасарларыңыз, Бибігүл Төлегенова байқауының лауреаттары ән шырқап, мерейіңізді тасытты. Міне, бүгінгі мерейтойлық концертіңіз де сондай жоғары дәрежеде өтеріне сенімдімін. Әрдайым осылай абырой биігінде болыңыз, Апай. Сіз асқар шыңға шығудың, шыққан соң сол биікте мәңгілікке қалудың озық үлгісін көрсеткен біртуар талант иесісіз! Сіз тағдыр талайыңызда сан түрлі қиындықты көрген, қандай сәтсіздікті болсын парасаттылықпен, ақылмен еңсере білген кемеңгер аңыз Адамсыз. Енді сол бейнетіңіздің зейнетін көріп, ортамызда жөн сілтер, бағдар берер ақылманымыз болып аман жүріңіз,-деді Ақтоты Райымқұлова.