Облыста қоқысты кәдеге жаратумен 20 шақты кәсіпорын айналысады. Солардың бірі «LS Petropavlovsk» серіктестігі облыс орталығында қайталама шикізат қабылдайтын арнайы орын ашты. Кәсіпорын тұрғындардан кез келген тұрмыстық қалдықтарды қабылдайды. Әсіресе, полиэтилен, шыны, картон, пластикалық бөтелкелерге сұраныс жоғары. Қабылдау бекетіне күніне 10 тоннадан астам түрлі қалдық заттар жеткізіледі.
«Қала бойынша қайталама шикізатты қабылдауға арналған 5 пункт жұмыс істейді. Бұл – біз үшін де, тұрғындар үшін де өте ыңғайлы. Қалдық заттарды сұрыптап, қайтадан кәдеге жарату ісі әлдеқайда жеңілдеді» дейді ЖШС директорының орынбасары Виктория Редькина.
Кәсіпорын жуырда «Green Park Kokshetau» серіктестігімен әріптестік байланыс орнатып, пластикалық бөтелкелерді қайта өңдеумен шұғылданады. Дайын шикізат Қазақстанның өзге өңірлерімен бірге Ресейге де жөнелтіледі. Цех бір ауысымда 10 тонна тығыздалған бөтелкені қайта өңдеуге қауқарлы.
Серіктестік жетекшісі Иван Иваничкиннің айтуынша жұмыс екі ауысымда ұйымдастырылған. Айына 300 тоннаға дайын өнім шығару мүмкіндігі қарастырылған.
Деректерге сүйенсек, Қазақстанда жылына 5-6 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналып, 11 пайызы ғана өңделетін көрінеді. 2030 жылға қарай оның үлесін 40 пайызға дейін арттыру міндеті тұр.
Солтүстік Қазақстан облысы