Үкімет • 23 Желтоқсан, 2019

«Астана Балет» театрында «Күлше қыз» ертегі-балеті көрсетілді

497 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Астана Балет» сахнасында Сергей  Прокофьевтің музыкасына жазылған «Күлше қыз» ертегі-балеті көрсетілді. Қойылым балалар ғана емес, ересектердің өзін тебіренткені соншалық, көрермен қауым әртістерге тік тұрып, айрықша ықыласын білдірді. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Астана Балет» театрында «Күлше қыз» ертегі-балеті көрсетілді

Қазақстанда Шарль Перроның әмбеге аян ертегісі алғаш рет балет сахнасында қойылып отыр. Қоюшы-хореограф Надежда Калинина, көптеген халықаралық байқаулар мен фестивальдердің лауреаты әрі жүлдегері.

«Сергей Прокофьевтің өте күрделі музыкасына «Күлше қыз» балетін қою туралы театрыңыздың ұсынысын зор жауапкершілікпен қабылдадым. «Күлше қыз» балеті композитор айтқандай үш емес, екі көріністі. Кейбір ғажайып музыкалық иірімдерді тұтас алып тастауымызға тура келді. Декорация көлемі, қатысушы әртістердің саны тұрғысынан алар болсақ, осы тектес спектакль бұрын-соңды қойылмаған», дейді, хореограф.

Суретші Сергей Новиковтың әсерлі декорациялары мен костюмдері, жарықпен безендіру және бейне кескін арқасында, осы қойылымдағы әрбір сахна, шын мәнінде де, ғажайып ертегілер кітабын парақтап отырғандай күйге түсіреді.

«Театр орасан жұмыс атқарды. Себебі, спектальді безендірудің басты идеясы – кішкентай қыздың күнделігін, оның қиял әлемін көрсету керек болды», дейді Сергей Новиков.

Аталған қойылымға балет труппасы бастан-аяқ, Қазақ ұлттық хореография академиясының оқушылары мен студенттері қатысты. Күлше қыз партиясын Татьяна Тен мен Назерке Аймұхаметова, Ханзаданы – Қазбек Ахмедияров пен Сүндет Сұлтанов орындап шықты.

Айта кетейік, көп ұзамай, ғажайып балетті еліміздің өзге қалаларының тұрғындары да тамашалай  алатын болады. Ақпанның 20, 22 және 23 күндері «Астана Балет» театры Алматыға гастрольдік сапармен барады.