Саясат • 24 Желтоқсан, 2019

Шетелдіктердің Қазақстанға виза алуы жеңілдетілді

163 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның инвестициялық және туристік тартымдылығын арттыру – Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың мемлекеттік органдардың алдына қойған маңызды міндеттерінің бірі. Осыған байланысты ІІМ көші-қон саласында мемлекеттік қызметтерді көрсету шараларын жеңілдету және мерзімін жеделдету бойынша тиісті жұмыстарды жалғастыруда.

Шетелдіктердің Қазақстанға виза алуы жеңілдетілді

ІІМ осы жылы «Шетелдіктерді шақыру» қызметін электронды форматқа көшірді. Елге шақыруды рәсімдеу – бұл Ішкі істер министрлігі көрсететін сұра­ныстағы мемлекеттік қызметтердің бірі. Дәл осы шара Қазақстанға келгісі келген шетелдік азаматтарды әуреге салып, көп уақыттарын алатын. Құжаттарды жинақтау, Қазақстан елшілігіне бару және жауап күту кейде 30 және одан да көп күнге созылады.

Бұл қызметті енді үйден шық­пай-ақ көші-қон визасы www.vmp.gov.kz. порталы арқылы 5 күнде алуға болады.

Көші-қон визасы порталындағы жеке кабинетте шетелдікке ша­қыр­туды рәсімдеуші тұлғаға өтінішті толтырып, шетелдіктің жеке мәліметтерін енгізу, электронды үкімет порталының төлем шлюзы арқылы мемлекеттік баж салығын (әрбір шақырылушыға 0,5 АЕК) төлеу қажет.

Арада 5 жұмыс күні өткенде өтініш берушінің жеке кабинетіне шақыртудың 10 таңбалы тіркеу нөмірі келіп түседі, осы нөмірді шетелдік азаматқа хабарлау қажет.

Ал шетелдік азамат көші-қон визасы порталында өтінімді толтырады. 

Арада 15 минут өткенде шет­елдік электронды виза алады.

Электронды визаны қағазға шығарып, Қазақстан шекарасында төлқұжаттық тексеруден өту кезінде шекара қызметі қыз­меткерлеріне көрсетуі керек. 

Қазіргі уақытта Қазақстанға іскер­лік мақсатта келетін шетел­дік­терге электронды шақырту қыз­меті бір реттік электронды ви­за рәсімдеу үшін «В1», «В2» жә­не «В3» санаттары бойынша және жеке мақсаттармен келетін­дерге «В10» санаты бойынша қол­жетімді.

Атап өтер жайт, қазіргі уақыт­та электронды визаның көмегі­мен Нұр-Сұлтан және Алматы қала­ларындағы халықаралық әуежай­ларында төлқұжаттық тексеруден өтуге болады. Осындай тәртіпті Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасындағы өзге өткізу пункттерінде де 2020 жылы қолдану жоспарланып отыр.