Саясат • 24 Желтоқсан, 2019

Ұлттық кеңес мүшелері не дейді?

853 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Еліміздің экономикалық және саяси ұстанымына қатысты қордаланған мәселелер аз емес. Мұндайда түйткілді мәселелердің түйінін тарқатып, ертеңгі ел дамуының басым бағдарын айқындайтын келелі кеңес керек-ақ еді. Заң емес, заман талабы бұл. Оның да іргесі қаланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен құрылып, Қазақстан Президентінің қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысы өткені белгілі. Ұлттың ұпайын түгендеп берген Ұлттық кеңесте ұтарымыз көп болса игі. Ал Кеңес мүшелерінің мемлекеттік орган өкілдерімен бірлесіп атқарған ауқымды жұмыстарының, талас пен талқыға түскен бастамалар мен ұсыныстарының бәсі неде? Жүйелі, тиімді, ұзақмерзімді іс-шаралар әзірлеу кезінде қарапайым қазақстандықтардың мүддесі ескерілді ме? Кеңес мүшелері не дейді?

Ұлттық кеңес мүшелері не дейді?

Партияны тіркеу талабы жеңілдейді

Дания ЕСПАЕВА,

Мәжіліс депутаты, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

– Ұлттық кеңестің алғашқы отырысынан бері үш ай өтті. Осы уақыт аралығында үш жұмыс тобы да өз ұсыныстарын берді. Президент Әкімшілігінде 17 кездесу өтті. Бұл көп нәрсені аңғартады. Әсіресе, әр жұмыс тобы 30-дан астам ұсыныс жасады. Мемлекет басшысының сөзін естігенде көптеген ұсыныстың қабылданғанын түсіндім.

Мен экономикалық бағыттағы жұмыс тобының құрамына кіремін. Қуантатыны, шынында біздің жұмыс тобымыз көтерген көптеген мәселеге қатысты сапалы деңгейде шешім қабылданды.

Ең бастысы, қоғам дамып келеді, сондықтан саяси реформа маңызды. Көпшілік үшін өзекті тағы бір мәселе – партияларды тіркеу. Бүгін жақсы жаңалық естідік. Енді партияны тіркеуге 20 мың қолдаушы жеткілікті. Яғни, партия тіркеу талабы жеңілдетілді.

Екіншіден, партияға қатысты маңызды қадам жасалды. Енді, парламенттік оппозиция туралы заң жобасы қабылданады. 2014 жылы «Ақжол» партиясы осындай ұсыныс жасаған еді. Парламенттік оппозиция туралы заң жобасын ұсынып, бұл заң жобасы ЕҚЫҰ тарапынан оң бағасын алды. Өкінішке қарай, сол кезде аталған заң жобасы қабылданған жоқ. Бүгін Президент осындай заң жобасы қабылданатынын айтты. Оппозициялық партияның мүшелері таңдалуы мүмкін, бірақ ең бастысы олардың дауысы естілу керек. Ол үшін оппозиция туралы заң қажет.

Бізді саяси реформалар күтіп тұр

 Төлеутай РАХЫМБЕКОВ,

«Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

– Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бірінші отырысы кіріспе іспетті болған еді. Міне, үш ай өткен соң нәтижеге қол жеткіздік. Бұл туралы жиын барысында Пре­зиденттің Кеңесшісі Ерлан Қарин баяндады. Одан кейін үш топтың – саяси, экономикалық және әлеу­меттік топтардың өкілдері атқа­рыл­ған жұмыстарға тоқталды.

Осының бәрін қорытындылай келе, белгілі саясаткер Ерлан Саи­ровтың сөзін қайталағым келеді. «Мемлекет пен қоғамның арасында диалог пен дискуссияны қа­лыптастыру – келешектің кепілі». Осы диалог пен дискуссия­ны ұйым­дастырған Ұлттық кеңес жұмы­сының қорытындысы десек қателеспейміз.

Қоғаммен бірлесе отырып, мемлекеттік органдар өздерінің ұсынысын дайындады. Ақордада, министрліктерде, Үкіметте қо­ғам қай­раткерлері қатысқан көпте­ген отырыс өтті. Сонда айтыл­ған ұсыныстарды Президент ескер­геніне куә болдық.

Жер мәселесі, ұлттық валюта, тіл, әлеуметтік жағдайы төмен аза­маттарды қорғау туралы өзекті мәсе­лелердің бәріне тоқталды. Соның ішінде ерекше назар аударатыны – бізді үлкен саяси реформалар күтіп тұр.

Партияларға қатысты заңға өзгеріс енгізіледі. Бұрынғыдай 40 мың емес, 20 мың адам қолдаса жеткілікті. Одан кейін парламенттік оппозиция туралы айтылды. Мұның бәрі маңызды шешім. Митингтер туралы заңға өзгеріс енгізілмек. Бұрынғыдай рұқсат сұрамай-ақ, ақпарат ретінде әкімшіліктерге ескертіп алаңға жиналуға болады. Сондай-ақ Президент өзі айтып кеткендей, демократия – өте үлкен міндет. Бұл мемлекеттік органдарға да, азаматтарға да артылған жауапкершілік.

Ұлт ұпайын түгендеген Ұлттық кеңес

 Расул ЖҰМАЛЫ,

қоғам қайраткері, саясаттанушы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

– Ұлттық кеңестің екінші отырысын жоғары бағалаймын. Көптеген ойлар, көкейде жүрген мәселелер қамтылды. Әу баста Ұлттық кеңес құрылғанда оның жұмысына қатысты көптеген күмәнді ойлар айтылып, секем білдіргендер болды. Бос сөздің шеңберінен шыға алмайды дегендер де табылды. Бұған дейінгі жер комиссиясының, демократия істері бойынша комиссияның сәтсіздігін қайталайды деп топшылады.

Оны да түсінуге болатын шығар. Осы тектес пікірлер қоғамда да, түрлі сараптамалық орталықтарда да айтылды. Неге түсінуге болады дейміз? Жоғарыда айтқанымыздай, бұған дейінгі басы бар, аяғы жоқ жобалар құр науқанмен аяқталып келген еді. Соның кесірінен бірталай азаматтардың, сарапшылар мен саясаткерлердің көңілі қалғаны да жасырын емес. Сенімсіздіктің сыры да осында.

Бірақ Ұлттық кеңесте әу баста алға қойылған мәселелерді талқылау бастамасы көңілден шығады. Кеңес аясында түрлі мәселелер көтеріліп жатыр, әлі де көтеріледі. Себебі қоғамда қордаланған мәселелер – шаш-етектен. Дей тұрғанмен, Ұлттық кеңестің құзыреті аясында қысқа мерзімде атқарылған істер аз емес. Оны белгілі бір дәрежеде қанағат етуге болады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтып өтті. Бір жыл емес, ондаған жылдар бойы қордаланған мәселелерді екі-үш айдың мұғдарында шешу мүмкін емес. Себебі кез келген саясат – қиял-ғажайыптар әлемі емес, мүмкіндіктер алаңы. Сондықтан ұтымды ойлар айтылған әсерлі әңгімелесу болды деп топшылаймын.

Естеріңізде болса, Ұлттық кеңестің биылғы қыркүйекте өткен алғашқы отырысында көптеген ұсыныстар жасалды. Яғни, саяси жаңғыру мәселесі бойынша 5 заңға өзгерістер енгізу, Парламент, сайлау, саяси партиялар құру, өзін-өзі басқару ісі, митингтер мен шерулер, идеология, мемлекеттің болашақтағы бағыты мәселелері бо­йынша нақты ұсыныстар айтылды. Соның ең негізгісі – демократияландыру.

Екінші отырыста осы ұсыныстар егжей-тегжей талқыланып, осыған қатысы бар мемлекеттік органдармен түрлі консультациялар өткізу нәтижесінде айтылған ұсыныстардың нақты тапсырмалар мен шешімдерге ұласқанын көрдік. Яғни, тек әңгіме-дүкен құру емес, атқарылып жатқан нақты істің бар екені айқындалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел билігіне келгенде жалған нау­қан­шылдықтан бас тартып, сөз бен іс­тің арасында сабақтастық керек еке­нін мәлімдеген еді. Ұлттық кеңес­тің екінші отырысында осы мәлім­демесінің іс жүзінде қолға алынғанын көрдік. Саяси жаңғыру тұрғысында нақты шешімдер қабылданды. Әлі де талқыланатын мәселе болса да саяси партияларды құруға қатысты жеңілдіктер тілге тиек етілді.

Сондай-ақ митингтер мен шеру­лердің жаңаша жүргізілуі, оған мүм­кіндік берілуі, көп балалы аналарға, жастарға, мектеп оқушыларына қа­тысты көптеген әлеуметтік жеңіл­діктердің айқындалуы, жер мәселе­сін реттеуге, латифундизмге шектеу қойылуы сынды жағымды жаңал­ық­тар бар. Нақты шешімдер қабыл­дануда. Бұл алға басу бар деген сөз. Нақты нәтижелерді көріп отырмыз. Бірте-бірте Ұлттық кеңеске деген сараптамалық орталардағы, қоғам­дағы күмәндар да сейілуде.

Бұл да үлкен жетістік. Себебі бүгінгі таңда қоғамдағы үлкен дерт – сенімсіздік. Билік не айтса, не істесе де сенбейді қазір. Жоғалған сенімді қайтару оңай шаруа емес. Жекелеген тұлға емес, тұтас билік жоғалтқан сенімді қайтару оңайға соқпайды. Қысқа мерзімнің мәселесі де емес бұл. Сондықтан Ұлттық кеңестің ең жағымды тұсы – осы! Билікке деген қоғам сенімі пайда бола бастады.

Сенім нығая түсті

Айсана СМАН,

«Тұран Астана» университетінің азаматтық-құқықтық пәндер кафедрасының профессоры, Президент жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшесі:

– Ұлттық сенім кеңесінің бірінші отырысы қоғамдағы маңызды сұрақтарды, проблемаларды анықтауға арналса, екінші отырыста сол анықталған мәселелерді шешуге бағытталған қадамдар, проблемаларды реттейтін заң жобаларын дайындау, сая­си реформа жасау реті талқыланды.

Президент  республикадағы ең биік лауазымды қызмет иесі ретінде, сыртқы және ішкі саясатқа жауапты саясаткер ретінде халықаралық тәжірибеге сүйене отыра билік пен халық арасында диалог орнатуды жолға қойып отыр. Осы ретте азаматтық қоғамның пікірі тыңдалды, олардың дауысы естілді. Ал азаматтық қоғамның пікірі тыңдалып отырғаннан кейін, оның өкілдері халық жағдайынан хабардар, ауыл-аймақтың тұрмысымен таныс, проблемалардан құлағдар болуы тиіс. Дегенмен бұл міндет біздің елімізде әлі де Президенттің мойнында. Осы жағдайды реттеу үшін ол азаматтық қоғам өкілдерін жинап, қоғам мен билік арасында көпір болуды, диалог орнатуды ұсынып отыр. 

Мұндай алаңның, диалогтың қажет екенін шетелдердің тәжірибелерінен де көріп жүрміз. Қарым-қатынастың қалай құрылатынын, бұл байланыстың қалай жұмыс істейтінін үйренуіміз керек. Мұны да Президент көрсетіп отыр.

Кешегі отырыста көп көзқарас айтылды, шешімдер қабылданды. Солардың бірі – сая­си партиялардың жұмысына өзгеріс енгізу. Партия құру үшін талаптың өзгертілуі партияның жұмысын өнімді етеді деп ойлаймын. Өйткені 40 мың адамның кейбірі формалды түрде тіркелуі мүмкін, ал оны азайту арқылы нақты жұмыс істейтін, мақсат-мүддесі ортақ адамдардың бір ортада жиналуына мүмкіндік аламыз. Одан кейін бейбіт митинг өткізу бойынша заң жобасы қабылданатыны мәлім болды. Бұл да азаматтық қоғамның бір тілегі еді. Азаматтық қоғам жеткізді, Президент тиісті жауабын берді. Ендігі кезекте белсенділерге, ойын айтқысы келетін азаматтарға рұқсат алудың қажеті болмайды. Жергілікті муниципалды органды ескерту жеткілікті. Бұл да халықтың ойын білдіруге мүмкіндік бермек. Қылмыстық кодекстің 174-бабын қайта қарау да көпшілігіміздің көңілімізден шықты. Өйткені дәл осы бап бойынша жауапқа тартылып, одан сотталып кеткендер аз емес. Осы бап бойынша қылмыстық емес, әкімшілік жауапкершілікке тарту дұрыс деп есептеймін.

Өзгерістердің, реформалардың барлығы қуантты. Заңгер ретінде заңнамалық актілерге назар аудару керегін айтқым келеді. Өйткені елімізде бір заңды жүзеге асыру үшін бірнеше құқықтық-нормативтік актілер дайындалады. Бұл жағдайды біраз қиындата түседі. Осы тұрғыда үлкен ревизия жасау керек деп ойлаймын.

Ең бастысы, халық пен билік арасында диалог орнатуға қадам жасалды, өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер азаматтық қоғамның ілгерілеуіне үлес қоса отыра мемлекеттің дамуына да ықпал етеді.  

 

Шынайы демократиялық институттар құру құралы

Зарема ШӘУКЕНОВА,

Президент жанындағы ҚСЗИ директоры, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі:

– Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі (ҰҚСК) құрылғанға дейін ел тарихында қо­­ғам мен мемлекеттің үнқатысуын қамта­масыз етуге және реттеуге бағытталған түрлі кеңес беруші органдар болды. Олар­дың қыз­метінің негізі саяси қозғалыс­тар мен пар­тиялар өкілдерінің, қоғам қай­рат­кер­лерінің, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы негізінде ел дамуындағы стратегиялық мақсаттар мен міндеттерді әзірлеу болды.

Елдің орнықты дамуы, Қазақстанды одан әрі дамыту мәселелері бойынша ұсыныстар мен пікірлерді талқылау, демократияландырудың негізгі контурларын белгілеу мақсатында неғұрлым ірі қоғамдық-саяси және әлеуметтік топтардың мүдделерін келісу тетіктері құрылуда. Дәл осы үшін елде әртүрлі сұхбат алаңдары құрылды: алдымен – Азаматтық қоғамды одан әрі демократияландыру және дамыту жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу бойынша тұрақты жұмыс істейтін кеңес, содан кейін – азаматтық қоғамды демократияландыру және дамыту мәселелері жөніндегі Ұлттық комиссия. Консультативтік-кеңесші органдар жүйесі тұрақты қозғалыста. Міндеттердің орындалуына қарай жұмыс істеп тұрған органдар қызметін тоқтатады және жаңа органдар құрылады. Тек 2019 жылы ғана құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің миссиясы – саяси жаңғырту мен шынайы демократиялық институттарды құру құралы мен шарты ғана емес, сонымен қатар жалпыұлттық консенсус негізінде үдемелі әлеуметтік және экономикалық реформаларға қозғау салу.

Қ.Тоқаев Президенттік лауазымына кіріскен алғашқы күнінен бастап халық пен мемлекеттік органдар арасында тығыз өзара іс-қимыл және ашық сұхбат орнатуды басым бағыт ретінде қарастырып келеді. Мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісінде ашықтық, транспаренттілік және азаматтардың пікірлерін есепке алу – мемлекеттік басқару тиімділігінің және демократиялық қағидаттарға бейімділіктің маңызды индикаторларының бірі. Көріп отырғанымыздай, ҰҚСК-ның екінші отырысы Президенттің ашық сұхбатқа және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттарына бейілділігін көрсетті.

Осындай қысқа мерзім ішінде 18 жұмыс кеңесі, ҰҚСК мүшелерімен 16 кездесу өткізілді. Саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени жаңғырту жөніндегі 3 жұмыс комиссиясы көптеген талқылаулар, отырыстар мен онлайн-конференциялар өткізді.

Президент айтқан реформалар, тапсырмалар мен ұсыныстар пакеті – көптеген сарапшылардың, министрліктер мен түрлі ведомстволардың тығыз командалық жұмы­сының нәтижесі. Реформалардың осы пакеті одан әрі ырықтандыруға, ізгі­лен­діруге және демократияландыруға қадам.

Тапсырмалар арасында әйелдер мен жастар үшін міндетті 30% квотаны ерекше атап өткен жөн. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, көптеген елдер ерікті партиялық квоталарды енгізуде. Мысалы, «Кеңес 90/Жасылдар» (Германия) партиясы және Австриялық жасылдар партиясы партиялық тізімде әйелдердің кемінде 50% болуы тиіс деп қарастырады. Испанияның Социалистік жұмыс партиясы өздерінің кандидаттарының тізіміне әйелдердің 40%-ының қол жеткізуін мақсат етіп отыр.

Швеция әйелдер өкілдігінің деңгейі бойынша әлемде төртінші орында және ел парламентінде 45%-ды әйелдер алады.

Жалпы, партиялық квоталар екі тәсіл­мен белгіленеді: партияның құрылтай құ­жат­тарына, ережелер, жарғылары мен жинақ­тарына өзгерістер енгізу арқылы саяси партиялар ерікті түрде қабылданады немесе ерікті квоталар әдетте квоталау туралы ресми заңдарда (сайлау, саяси партиялар және т.б. туралы заңнама) белгіленеді. Біз көріп отырғанымыздай, Қазақстан партиялық квоталаудың екінші тәсілін енгізуде және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атап өткендей, бұл шара әйелдердің саясатқа, әсіресе заң шығару процесіне белсенді келуін ынталандыруы тиіс.