Қоғам • 24 Желтоқсан, 2019

Қостанай өңірінде 360-тан астам отбасы адрестік әлеуметтік көмекті алмауы мүмкін

293 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл жөнінде аппарат мәжілісінде айтылды.

Қостанай өңірінде 360-тан астам отбасы адрестік әлеуметтік көмекті алмауы мүмкін

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенова өңірдегі әлеуметтік көмектің берілуі жағдайын баяндады.

«Биыл облыста 11 мың отбасы адрестік әлеуметтік көмек алып отыр. Оған 5 миллиард теңге бөлінген болатын. Қараша айының көмегі отбасыларға жетті, енді желтоқсан айына төлем жүріп жатыр. Келер жылдан бастап әлеуметтік бұл көмек жаңа нұсқа бойынша төленеді» деді Гүлнар Әбенова.

Адрестік әлеуметтік көмектің жаңа нұсқасындағы жаңалықтар жұртшылыққа таныстырылып жатыр. Соның ішінде әлеуметтік аз қорғалған отбасының еңбекке  жарамды мүшесі ұсынған жұмыстан бас тартса, онда тұтас отбасына адрестік әлеуметтік көмек берілмейді.

«Мұндай отбасылардың саны өңірде әзірге 361 болып тұр, олардың көпшілігі Рудный, Қостанай қалаларында тұрады. Олар туралы өңірлер басшылары білуі тиіс. Қазірден олардың қандай мамандықтары бар екенін анықтау керек. Егер олардың мамандықтарына сұраныс болмаса, онда оларды Бастау Бизнес бағдарламасы бойынша сұранысқа ие мамандықтарға  қайта даярлау қажет» деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Адрестік әлеуметтік көмек алатын тұрғындар арасынан еңбекке жарамды адамдардың саны 4 мыңға көбейетін түрі бар.