Қазақстан • 25 Желтоқсан, 2019

Таразда «Тектұрмас» этно-тарихи кешені ашылды

1654 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен халықаралық туристік форумда «Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек», деген болатын. Президент тапсырмасын жүзеге асыру барысында Жамбыл облысының 80 жылдығына орай, Тараз топырағынан «Тектұрмас» этно-тарихи кешені ашылды.

Таразда «Тектұрмас» этно-тарихи кешені ашылды

Бұл Орта Азияда теңдесі жоқ тарихи кешен болып саналады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тараз – тарихымыздың темірқазығы» деп бағалаған тарихи шаһардағы кешеннің ашылу салтанатына 800-ге жуық адам қатысты. Сонымен қатар аталған орталықты еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова арнайы келіп көрді. Ал, кешен орталығынан бой көтерген Әулиеата ескерткішіне өңір жұртшылығы атынан Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның Халық артисі Асанәлі Әшімов, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Мәмбет Қойгелдиев гүл шоқтарын қойды. Бұдан соң бабалар рухына Құран бағышталды. «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің ашылу салтанатында профессор Мәмбет Қойгелдиев сөз алып, Тараздың тарихи болмысын айшықтап тұрған кешеннің маңыздылығын атап өтті.

Ежелгі Тараз қаласының төл тарихын толығымен бейнелейтін «Тектұрмас» этно-тарихи кешені Талас өзенінің жоғарғы жағалауындағы «Тектұрмас» тауының биік таулы беткейінің 24 гектар аумағын алып жатыр. Аталған тарихи кешен – Тараз өңіріндегі ортағасырлық түркі елдерінің қасиетті мекенін көрсететін, түркі тарихынан сыр шертетін тарихнама ретінде әрі демалыс орны негізінде туризмді дамыту мақсатында салынған. Тарихи кешенді тамашалау Талас өзені арқылы өтетін көпірден басталады. Көпірге кіреберіс жерде екі үлкен стелла тұрғызылған. Мұнда дөңгелек күн тәрізді тастың бірінші бетінде Ұлы Батыс түркі қағандарының таңбасы бейнеленсе, екінші бетінде түркі халықтарының наным-сеніміндегі тәңір құсы Самұрық бейнесі көрсетілген. Ал, көпір аяқталатын жерінің екі жағында түркі халықтарының негізгі айбарлы белгісіне айналған биіктігі 4 метрлік, салмағы 3 тонналық ақ түсті мәрмәр тастан құйылған, түр келбеті қазба жұмыстары кезінде табылған артефакт бейнесі бойынша жасалған екі арыстанның мүсіндік бейнесі орнатылған. Сонымен қатар «Көне Тараз» қақпасы «Тектұрмас» этно-тарихи сәулетін арттырып тұр. Шығыс стилінде салынған қақпаның биіктігі 10 метр, ені 14 метрді құрайды. Қақпаның екі жағында күзет тұратын биік мұнаралары бар, ортасындағы қасбеттері әр түрлі ою-өрнектермен безендірілген.

Кешенге кіреберістен басталатын баспалдақтар мен кешен ішіндегі жолдардың барлығы жергілікті табиғи қызыл тастан жасалған. Яғни,  құрылысқа қажетті материалдар киелі жердің өзінен алынып отыр. Баспалдақтың екі жағындағы ежелгі петроглифтермен әшекейленген арнайы ақ тастардан жасалған ескерткіштерге Тараз өңірінен шыққан тарихи тұлғалардың, он төрт қаған мен ойшыл ғұламалардың есімдері мен билік еткен ғасырлары таңбаланған. Мәселен мұнда жазылған Тұран билеушісі Алып Ер Тоңғаның, ежелгі сақ дәуіріндегі билеуші Шу Қағанның, ежелгі Тараздың іргетасын қалаушы Шөженің, діндар абыз Тектұрмас әулиенің, әйгілі ойшыл Жүсіп Баласағұнның есімдері ұрпаққа өнеге болатыны сөзсіз. Кешенде бұдан кейін жоғары жақта Тараз қаласының негізгі символы саналатын Әулиеатаның еңселі ескерткіші бой көтерген.

Алып ескерткіштің салмағы 10 тонна. Ақ түсті мәрмәр тастан құйылған ескерткіштің постаментінің биіктігі 8 метр болса, мүсінінің биіктігі 13 метрді құрайды. Одан беріде, «Тектұрмас» тауының Талас өзені жағындағы ең биік беткейінде Тараз қаласын жоғарыдан көруге арналған тамашалау алаңшасы орналасқан. Бұл алаңда құс ұшу биіктігінен Тараз қаласының тынысы мен Талас өзенінің ағысына қарап, айналадағы тарихи дүниелерді тамашалауға барынша мүмкіндік бар. Ал, тамашалау алаңшасының ортасында арнайы биік тастан жасалған билік белгісі – Лауһа тұғыры орнатылған. Символикалық белгінің  ең ұшар басында әлемді жаратушы Алла Тағаланың Құран Кәрімдегі ұлы сөзі «Алладан басқа ешбір Тәңір жоқ. Ол тірі, толық меңгеруші» деген Құран сүресі жазылған. Лауханың қасиетті Құран аятынан кейінгі астыңғы жағында түркі халықтарының тастағы тарихы – Күлтегіннің көне руна-түркі тіліндегі  жазуы бейнеленген. Енді «Тектұрмас» этно-тарихи кешенін одан әрі дамыту мақсатында алдағы уақыттарда жұмыстар жалғасатын болады.

1

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20