«Жақында «Қазақстан» ұлттық арнасында жаңа тележоба – «Қазақстан дауысы» эфирге жол тартады», деп хабарлады «Қазақстан АҚ» республикалық теле-радио кешенінің баспасөз қызметі. Бұл телевизиялық шоу алғаш рет Нидерландтың RTL4 телеарнасында «The Voice of Holland» деген атпен жарыққа шыққан екен. Әлемнің бірнеше еліне тарап, көпшіліктің ықыласына бөленген тележоба бүгінде қазақ ән әлеміне келіп жетті. Тың жобаның басты мақсаты – ел арасында жүрген асқақ дауысты, жезтаңдай әншілердің арасынан ең мықты деген дауыс иесін анықтау.
«Қазақстан дауысы» – бұл кісінің келбетіне, басқа да қасиеттеріне мүлде мән бермейтін, тек қана дауыс ерекшелігі бағаланатын тың теледуман болмақ. Еліміздің түкпір-түкпірінен келетін жас әншілерді құрамында М.Арынбаев, Н.Албан, А.Кішкенбаев, М.Сәдуақасова бар тәлімгерлер тобы іріктейді. «Көрмей тыңдау» кезеңінен сүрінбей өткен қатысушылар аталған төрт танымал әншінің бірінің қамқорлығына бөленіп, олардың шеберлік мектептерінде тәжірибе алмасып, солармен бірге тікелей эфирде өнер көрсету мүмкіндігіне де ие болады. Бірақ, аталмыш кезеңге жету оңай емес сияқты. Себебі, бұл кезеңнің шарттары атына сай болмақ. «Көрмей тыңдау» сынында үміткер сахнаға беттеген бойда төрт әншіге арнайы дайындалған орындықтар бірден кері бұрылады. Үміткер тәлімгерді тәнті еткен жағдайда ғана танымал әншілердің жүзін көре алады. Яғни, қатысушының дауысы тәлімгерлердің біріне ұнаса, олар «Мен сені таңдаймын» деген тетікті басады және сол кезде орындық сахнаға қарай бұрылады екен. Тетікті басқаннан кейін кері шегінер жол жоқ! Міне, байқау осылайша өте әділ түрде өтіп, қазақстандық үздік дауыс иесі анықталмақ.
Нұрзада КҮМІСБЕК,
Л.Н. Гумилев атындағы
Еуразия Ұлттық университетінің студенті.